Татулық пен бірлік мекені

Еліміздегі поляктардың тарихы бір ғасырға созылады және тамыры терең, дәстүрі бай. Ел аумағына 1930-жылдары Ресей патшалығы саяси қарсыластары мен бостандық үшін күресушілерді жер аударды, солардың арасында поляктар да көп болды. Олардың көпшілігі, мысалы, Адольф Янушкевич, Густав Земенский және Бронислав Залевский өмірі мен шығармашылығын Қазақстанға арнап, қазақ тарихы мен мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосты.
1936 жылы Украинадағы сталиндік қуғын-сүргін кезінде поляк ұлттық аудандары жойылды. Депортацияның екінші кезеңі – 1939 жыл. Әртүрлі дерек бойынша Украинадан Қазақстанға 190 мыңға жуық поляк жіберілді. Қазақстандағы алғашқы бейресми бірлестіктер 80-жылдардың соңында құрылды. Мұндай топтар Қарағанды, Көкшетау және Алматыда ашылды. Целиноградта 1992 жылы бой көтеріп, 1999 жылдың қыркүйегінде «Polacy» бірлестігінің негізі қаланды.

– Бірлестігіміздің қызметі ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғыртуға және дамытуға, поляк тілі мен поляк мәдениетін зерттеуге бағытталған. Қазіргі уақытта қоғамда 121 адам бар. Жастар қанатында 45 адам поляк әндері мен билерін орындайды және билейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының дана саясатының арқасында бізде осындай мүмкіндік бар. Тарихи отанымыз – Польшамен байланысты қолдай және нығайта отырып, қазақстандық поляктар Қазақстанды өздері туған, аман-есен өмір сүретін және жұмыс істейтін, ата-аналарының, аталары мен арғы аталарының қабірі орналасқан Отаны ретінде ризашылықпен қабылдайды. Біздің бірлестік Қазақстанның біртұтас халқының этникалық топтары арасында лайықты орын алады, басқа диаспоралармен ең тығыз және достық қарым-қатынасты сақтайды, сондай-ақ Қазақстан мен Польшаның мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастықты сақтайды, – дейді «Polacy» поляк этномәдени бірлестігінің төрайымы Елена Роговская.

Бірлестікте жастар айналысатын екі көркемдік ұжым жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Куявячек» би ансамблі және «Стокротка» вокалдық ансамбльдерінің репертуарында поляк, қазақ ән-биі бар. Балалар қалада өзге этностар арасында ұйымдастырылатын конкурстар мен іс-шараларға белсенді қатысады.
– Біздің бірлестік қайырымдылықпен де айналысып, қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыларға көмек көрсетеді. Алда көптеген идея мен жұмыс бар. Поляк тілін, ата-бабаларымыздың дәстүрін дамытып, өскелең ұрпаққа соны жеткіземіз және сондай мүмкіндік беріп отырған мемлекетімізге алғыс білдіре отырып, елімізге амандық, татулық пен бірлік тілейміз! – дейді бірлестік басшысы.



