Құқық

Мал ұрлағандардың жазасын қатайтайық

Мал шаруашылығының ішіндегі ең оңайы әрі пайда жағынан тиімдісі – жылқы шаруашылығы. Ауыл адамына оны қорада байлап, астын тазалап әбіржудің қажеті жоқ. Қыстың өзінде тебіндеп-ақ азығын табады. Шығыны аз, етіне сұраныс үлкен, әрі сату бағасы жоғары. Алайда соңғы уақытта ауыл адамдары жылқы өсіруден қашатын болды.

Себебі мал ұрлығы көбейіп, бұл кәсіптің нәпақасы да, берекесі де қашты. Былтырдың өзінде ұрлықтың кесірінен миллиондаған капиталдан әп-сәтте айырылып қалған азаматтардың саны мыңнан асты. Полиция қызметкерлері жоғалған малды барын салып іздестірудің орнына жылқы иесінің өзіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 408-бабын, яғни мал бағу ережесін бұздың» деп айыппұл салуға асығады. Нәтижесінде ауыл адамы «жоғалған жылқыны өзім іздеп тапқаным жақсы» деп арыз жазудан бас тартады.

Арыз-шағым жазылғанның өзінде жоғалған мал табылады деген үміт мүлдем жоқ. Жергілікті полицияның басқа да жұмысы бастан асады, қашан болмасын мал іздеуге уақыты жоқ. Арнайы сатып алған дрондарын пайдалануға өтініш жазып, рұқсат алу керек. Процедурасы ұзақ. Төтенше жағдай органдарында бар тікұшақтарды қолдану тіпті мүмкін емес. Қашан бармасаңыз, жанар-жағар май бітіп қалады. Ең сорақысы, мал ұрлығы бойынша тергеу жұмыстары формалды түрде жүргізіледі. Малдың өлексесі табылмаса да, қозғалған істердің көбі «мал жоғалды» деп жабыла салады.

Біз Қазақстанды аграрлық мемлекет дейміз. Ауылдарды сақтап қалу, ауыл адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды дейміз. Бірақ аграрлы елге лайық сервис жоқ. Жылқыны, жалпы мал шаруашылығын барымташылардан қорғайтын жүйелі жұмыс атқарылмайды.

Осыған орай, мынадай ұсыныстарым бар. Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің және облыстардағы ішкі істер департаменттердің құрамында мал ұрлығы бойынша арнайы жасақ құрылуы тиіс деп есептейміз. Арнайы жасақ тергеу жұмысын күшейтуі тиіс. Мысалы, жоғалған малдың орнында оның генетикалық материалы алынып, арнайы мәлімет базасы жүргізілуі керек. Жиналған деректі далада табылған өлексемен, құжатсыз сатылған етпен немесе сырғасы жоқ малдың генетикалық материалымен салыстыру арқылы іздестіруге болады.

Екіншіден, мал ұрлығының жазасын қатаңдату керек. Қылмыстық Кодекстің 188-1 бабында мал ұрлығы бойынша қарастырылған «айыппұл салу», «сол мөлшерде түзеу жұмыстарына салу» немесе «бас бостандығын шектеу» сияқты санкцияларды тым «жұмсақ» деп санаймын әрі оларды алып тастау керек. Біреудің жылдар бойы адал еңбекпен өсірген малын ұрлау тек абақтыға жабу арқылы жазалануы тиіс.

Үшіншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің егістіктерді таптауға қатысты 147-бабын қайта қарастыру қажет. Қазіргі таңда ауыл маңында мыңдаған гектар жер алып алған латифундистер осы норманы пайдаланып, ауыл адамдарының малдарын қораға қамап қоюда. Қамалған малдың ары қарай жоғалып кетпеуіне кім кепіл? Онымен қоса барымташылар осы норманы пайдаланып, өздері ұрлаған малды «егістікке түскен еді, сондықтан оларды қамап қойып едім» деп жауапкершіліктен құтылып кетіп жатыр. Осылай ғана мал ұрлығын түбімен жоюға болады деп есептеймін.

Анас БАҚҚОЖАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button