«Қара сөздер» спектакльге айналғанда

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «45» атты пластикалық қойылымның премьерасын ұсынды.
Аталмыш қойылым Абайдың 45 қара сөзінен құралған шығармашылық эксперимент ретінде сахналанды. Айта кетерлігі, хакімнің даналық ойларын кейінгі жылдары спектакльге айналдыру үрдіске айналды. Бұдан бұрын бұл тақырыпта қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Қара» драмасын, елордадағы «Синтез» театры «45» қойылымын қойды. Ал жаңа спектакльде классикалық мәтіндер пластикалық өнер тілінде жаңаша бейнеленіп, поэзия мен қозғалыстың үйлесімді бірлігін көрсетті.
Спектакльдің қоюшы режиссері – мәскеулік Илья Подчезерцев. Оның режиссерлік шешімі арқылы Абайдың философиялық ойлары мен мәңгілік мұрасының бүгінгі заманға артар үнін сахналық пластика арқылы жеткізу көзделді.
Оның айтуынша, қойылымға дайындық Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқудан басталды. Кейін режиссер ақынның қара сөздерін оқып шыққан. Содан Абайдың қара сөздерінің өзектілігі бүгін де жойылмағанына көз жеткізді. Спектакльдің философиялық терең мағынаға ие екенін көрсеткісі келіп, адамның билікке таласқыш, жалқау табиғатын, ғылым, ақылдың жарысын, сондай-ақ рухани құндылықтардан көріністерді қамтыды.
Ұлы Абай өз заманында талай дүниені айтып кетті. Адам баласы хакімнің философиясына бас ұрғанмен, нақты іске келгенде соны орындамайды. Өзінің кемшіліктерін «қоғам сондай» деп сілтеп, қоғамға жабады. Сонысымен ақталғандай болады. Қойылымда басты ой осыған барып тіреледі.
Спектакльде Абай арқылы бүгінгі заманның көріністері көрініс тапқан. Қоюшы режиссер арасында Абайды Шекспирмен шендестіреді. Оны Шекспир шығармасынан бір үзіндіні қойылымға қосып көрсетеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ