Мәдениет

Түлектер таланты жарқырады

Тарихқа бай шаңырақ елорданың №2 өнер мектебі оқу жылының соңында мектеп оқушыларының жылдық шығармашылық кешін өткізуді дәстүрге айналдырған. Сол дәстүр биыл жалғасып, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында мектеп бітіруші түлектердің есеп беру кеші өтті.

Кешке Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Гүлнар Әбішева, елорданың Білім басқармасының басшылығы және қосымша білім беру мекемелерінің директорлары, Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы қосымша білім беру бөлімінің және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы басшылығы, ата-аналар мен оқушылар шақырылып, кеш куәсі болды.

Сахна төрінде мың бұралған бишілер, құйқылжыта ән салған әншілер, жас жыршылар, түрлі аспапты меңгерген өнерпаз оқушылар, киімді көркемдеп үлгілеудің шебер өнерпаздары өздерінің мектеп қабырғасында алған білімдерінің оң нәтижесін көрсете білді. Әсі­ресе, балапандарымыздан құралған «Еркеназ» бишілер ансамбліне, ұлттық аспап сазсырнайды кеңінен насихаттап жүрген «Қазына» сазсырнай ансамбліне, қылқобыз аспабын меңгерген жас жеткіншектерге көрер­мен ықыласы ерекше болды. Театр сыныбының оқушылары көлеңкелі театр қойылымы арқылы отансүйгіштікке баулу, тарихты қастерлеу сияқты құндылықтарды сахна төрінен көрерменге сездіре білді.

Әр бала – талант иесі, өнердің жарық жұлдызы болуға әбден лайық. Осы кезекте мектеп мақтанышы «Балдәурен» балалар хорының орындауындағы «Астана» әні, Луи Приманың «Sing, sing, sing» шығармасы, кеш соңында вокал сыныбының педагогтері Шыңғыс Сейітжанұлы, Жанболат Ұзақбай, Өзгербек Әшім, Рүстем Жұмабаев қосыла шырқаған мектептің ұран-әні барша көрер­мендердің көңілінен шықты, зал ыстық ықыласпен қабылдады.

№2 өнер мектебінің қабырғасында білім нәрімен сусындаған, сан өнерді меңгеріп, болашаққа бағыт алған оқушыларымызға сәттілік, жас өнерпаздарымыздың шамшырағын жаға білген, жүрегінде өнер нәрін себе білген ұстаздар қауымына үлкен жетістіктер мен биік белестерді бағындыратын шығармашылық табыс, қажымас қайрат тілейміз.

Гауһар БАИШЕВА,

№2 өнер мектебі директорының

орынбасары

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button