Сенатормен кездесуде Жолдау талқыланды

Елордадағы «Жастар» сарайында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Іс-шараға Сенат депутаты, қоғам қайраткері Бибігүл Жексенбай арнайы келіп, Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен олардың ел дамуындағы маңызы жөнінде баяндады.
Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік саясаттағы жаңа бастамалардың жүзеге асу жолдарын, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылап, пікір алмасты. Кеш спикері Бибігүл Жексенбай алдымен жас таланттарды қолдауға арналған ерекше мәдени орда «Жастар» сарайының жарты ғасыр бойы елорда тұрғындарының сүйікті мекеніне айналған ғимарат екенін, өнер мен шығармашылықты дамыту орталығы болып қана қоймай, елімізге танымал өнерпаздардың алғашқы қадамын бастауға септік еткен алаң болғанын атап өтті. Сондай-ақ Жолдаудағы басым міндеттерге, соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні қоғамның түрлі салаларына енгізу бойынша тапсырмаларға бөлек тоқталды.
-Астана қаласы цифрландыру жұмыстарын жүргізу бойынша алдыңғы шепте. Өзімнің сайлауалды бағдарламамда «Ақылды қала – ыңғайлы өмір кепілі» деген бағыт әзірлеген едім. Бүгінде елордадағы көптеген қызметтердің 70 пайызына жуығы цифрландырылған жүйе арқылы іске асырылуда. Басқа өңірлерге қарағанда елорда бұл бағытта нақты бір нәтижелерге қол жеткізуде. Қызметтердің басым бөлігін электронды түрде алып жүрміз. Қаламызда жол-көлік саласындағы «ақылды» бағдаршамдардың орнатылуы, коммуналдық қызметтердің цифрландырылуы біздің жайлы әрі қауіпсіз өмірімізді қамтамасыз етіп отыр. Цифрландыру су үнемдеу, көгалдандыру жұмыстары бойынша да жандана түсті, — деді сенатор.
Одан әрі Б. Жексенбай Жолдауда Президент көтерген Астанаға көшіп келушілер санының көптігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қалаға жылына 60-70 мың адам көшіп келеді. Бұл әрине, инфрақұрылымдық, инженерлік желілерге күш түсіруде. Осыған орай бір пәтерге жергілікті жері бойынша тіркеу санын шектеу туралы тапсырма берілді.
-Тағы бір бағыт – мәдениет пен өнерді қолдау, бұл ретте Президент осы саланы қолдау – ұлттық болмысымыздың кепілі екенін атап өтті. Астана – тек әкімшілік орда ғана емес, сонымен бірге мәдениет пен инновацияның тоғысқан қаласы. Өзім 2001 жылы Астанаға көшіп келгенімде әлі сол жағалау салынбаған, барлық ел көлеміндегі ірі іс-шаралар да, халықаралық деңгейдегі өнер жұлдыздарының концерті де осы «Жастар» сарайында өтетін. Одан кейінгі 24 жылда қаламыз қарыштап дамып, қазір әлемдік стандарттарға жауап беретін мәдениет ошақтар көбейді. Елордада жылына 500-ден астам мәдени-бұқаралық іс-шара өткізіледі екен. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. Соның ішінде сіздердің де үлесіңіз зор, — деді депутат.
Жиынға қатысушылар тарапынан «ЖИ-дің дамуы жұмыссыздықты көбейтпей ме?» деген сұрақ қойылды. Сенат депутатының айтуынша, бұл Қазақстан сияқты халық саны аз елдер үшін аса қауіпті емес, жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанда өндірісті күшейтіп алу үшін өте қажет болып отыр. ЖИ бүкіл әлемде қарқынды дамып жатқандықтан Қазақстан да сол үрдістен тыс қала алмайды. Сондықтан депутат қаласақ та, қаламасақ та енетін болғандықтан, ЖИ-дің теріс әсеріне жол бермеу үшін жоспарлы түрде, жақсы дайындықпен, елімізге тиімді болатындай етіп дамыту қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті.
Райхан Рахметова