Шәкәрім шамшырағы

Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының «Шәкәрім» музыкалық драмасының премьерасы үш күн бойы аншлагпен өтті. Белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың қаламынан туған туындының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Спектакль жұртшылықтың назарына Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында ұсынылды.
Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған, Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын арқау еткен философиялық туынды аса көрнекті тұлғаның балалықтан даналыққа дейінгі жолын суреттейді. Мұнда ғұмырын халқының санасын оятуға арнаған Шәкәрім — ақиқат іздеуші кемел ойдың иесі, ұлтының рухани ұстазы, әділдікті жақтаушы болып көрінеді. Шындығы да сол.
Авторлардың пікірінше, Шәкәрімді тану арқылы өткенімізге баға беріп, келешегімізге айқын бағдар жасай аламыз. Оның ұлы мұрасы – халқымыздың рухани жаңғыруына жол ашар мәңгілік шамшырақ. Музыкалық драмада Шәкәрімнің ақтаңдақ кезеңдерді бастан өткерген тағдыры, рухани ізденістері, әділет пен махаббатқа деген көзқарасы, сондай-ақ өміріндегі драмалық оқиғалар суреттелген.
Қойылым бірнеше сахналық көріністерден тұрады. Шәкәрім мен оның қоршаған ортасындағы кейіпкерлердің болмысы кеңінен ашылады. Әсіресе, Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрімнің рухани байланысы, Абайдың ағалық қамқорлығы және Шәкәрімнің оның ізін жалғастыру жолындағы азаматтық ұстанымдары ерекше мәнге ие.
Спектакльде көптеген кейіпкерлер қамтылған. Шәкәрім бейнесін қос құрамда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген мен Қазыбек Есқара сомдады. Ал бала Шәкәрімді сахнаға Даниал Нұрлан алып шықты. Қойылымда жас Абай мен ұлы ақынның ұлғайған шағының бейнелері де бар.
Сюжетіне келер болсақ, Шәкәрімді атқан жасақтың басшысы Абзал Қарасартовтан көрнекті ғалым Евней Бөкетовтің сұхбат алуы – қарапайым көрерменге тың дүние. Шәкәрім шығармашылығынан сыр шертетін «Қалқаман-Мамыр» дастанының келтірілуі де қисынды болды.
Шәкәрім де – адам баласы. Қойылымда оның махаббаты да көрініс тапты. Жалпы алғанда осындай үлкен тұлғаның табиғатын ашу – қиынның қиыны. Театр ұжымы соны ашуға барынша тырысты. Спектакль музыкасы да әсерлі шықты. Мәселен, Абай қос перзенті Әбіш пен Мағаштан айырылғанда қасіретті суреттеуге «Мұхида-Шайбан» әні дұрыс таңдалған. Түйіндеп айтқанда, «Шәкірім» драмасы Музыкалық жас көрермен театры бағындарған тағы бір белеске айналды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ