Ел тынысы

Бокстан елордалық әлем чемпиондарын құрметпен әуежайдан қарсы алды

Астана халықаралық әуежайында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2025 жылы көпшілік асыға күткен бокстан World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ливерпуль төрінде 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ жарған болатын. Спортшыларды ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бердалин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, туған-туыстары, спорт жанкүйерлері құшақ жая күтіп алды.
Олардың қатарында ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, Санжар Тәшкенбай, Бекзат Нұрдәулетов, Сабыржан Аққалықов, Сағындық Тоғамбай мен бас бапкер Қайрат Сәтжанов бар.
«Қазақстан боксшылары 1993 жылдан бері жаһандық додаға қатысып келе жатса да, әлі күнге дейін аса ауыр салмақта чемпион шықпапты. Міне, сол межеге бірінші болып жеткеніме өте қуаныштымын. Бұйырса, алдағы уақытта тарихты одан әрі жаңғыртсам деген ниетім бар. Өздеріңіз білетіндей, Париж Олимпиадасын сәтсіз өткіздім. Енді 2028 жылы сол кеткен есемді қайтарсам деймін. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр.
Ал әлем чемпионатына келетін болсам, менің финалдық жекпе-жегімнің алдында Қазақстан мен Өзбекстан 6 алтынмен теңесіп тұрған еді. Сондықтан соңғы секундқа дейін барымды салып жеңісті жұлып алдым. Жалпы командалық есепте топ жаруымыз қазақ жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлағаны сөзсіз», – деді ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай.
Айта кетейік, 2023 жылы Ташкент төрінде Нұрбек Оралбай топ жарып еді. Енді егіз Оралбайлардың да еншісінде әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар.
«Әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиынында жеке бапкеріммен басты қарсыластарымды зерттеп, арнайы тактика түзгенбіз. Басты назарды солақай боксшыларға аудардық. Дәл солай болды да… Шынымды айтсам, Ливерпульде қазақтардың тарапынан дәл осындай жалынды қолдау болады деп күтпеген едім. Бұл да қосымша жігер болып, сенімділік берді», – деп ең жеңіл 50 келідегі Санжар Тәшкенбай өз эмоциясымен бөлісті.
Осы орайда Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Махмұд Сабырханның (55 келі) араға 18 жыл салып, 2 дүркін чемпион атанған санаулы боксшылардың қатарына кіргенін атап өткеніміз жөн. Чемпионатқа 68-ден елден 540 спортшы қатысты. Ал Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы өз тарихындағы үздік үшінші нәтижесін тіркеді. Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында 32 жекпе-жек (14-і – Азия, 14-і – Еуропа, 3-еуі – Америка, 1-еу – Африка) өткізіп, оның 26-сында жеңіске жетті. Ал Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында 30 жекпе-жек (11-і – Азия, 15-і – Еуропа, 1-еуі – Америка, 3-еуі Океания) өткізіп, оның 23-інде жеңісті тойлады.
Енді боксшылардың алдарында әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты, 2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары сынды ірі додалар күтіп тұр. Айта кетерлігі, келесі әлем чемпионаты 2027 жылы Қазақстанда өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button