Басты ақпаратРуханият

«Абай жолының» ақиқаты

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының бастамасымен жүзеге асып жатқан жаңа әдеби жоба – «Қаламгер ұстаханасы» аясындағы кезекті кездесу белгілі әдебиеттанушы, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың қатысуымен өтті.

Кеш барысында ғалым Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясы төңірегінде «Көркем шындық пен тарихи шындық» тақырыбында тағылымды дәріс оқыды.

Тарихи шығармаға қойылатын жеті талап

«Біз бүгінгі күнде көркем әдебиетті қалай түсінеміз, қалай қабылдаймыз? Соның ішінде өзіміздің ұлтымыздың басты сана тебіренісіне айналған Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолын» қалай түсінеміз? Өкінішті бір жай, оқыр­мандар тіпті біраз әдебиетшілердің өзі «Абай жолындағы» – Абай Абайдың нақты өмірі деп есептейді. Олай емес. «Абай жолы» роман эпопеясында бір сөз көркем шындықсыз жазылмаған.

Тарихи шығармаларды талдағанда үш түрлі бағыт ұстану керек. Тарихи шындық, көркемдік шындық, өмірлік шындық. Осы үшеуі­нің арасындағы шекті ажыратып, саралап білдіртпей өрген шығарма – ол «Абай жолы». Көркем шындық – абсолюттік шындық. Мұхтар Әуезовтің өзі де: «Абай жолынан» өмірлік шындық іздейді. Біреулер мына кейіпкер былай емес еді, анау былай болмауы керек еді» деп сын айтады. Бірақ мен ондай пікірлерге мән бермедім. Тарихи шығармаға қойылатын талаптардың заңдылығымен ғана қарадым» дейді Әуезов» деп сөзін бастаған ғалым осы тұста тарихи тақырыптағы көркем шығарма жазуда ескерілуі тиіс жеті талапты атап өтті:

  1. «Тарихи кейіпкердің аты-жөні, шыққан тегі, өмірбаяны мен сипаттары шындыққа сәйкес болуы тиіс.
  2. Кейіпкердің туған және қайтыс болған жылдары нақ­ты көрсетіліп, сол деректер шығарманың басталуы мен аяқталу шегін белгілейді.
  3. Кейіпкердің сырт келбеті мен дене бітімі шынайы сипатталуы қажет. Өтірік бейне жасап, қолдан әшекейлеуге жол берілмеуі керек.
  4. Кейіпкер ұстанған дін бұрмаланбауы керек.
  5. Отбасылық жағдайы мен жеке өміріндегі маңызды оқи­ғалар нақты әрі шынайы жазылуы тиіс.
  6. Кейіпкер өмір сүрген қоғамның тарихи жағдайы – қоғамдық құрылым, саяси ахуал нақты сипатталуы керек.
  7. Табиғат көріністері де шындыққа сай болуы қажет. Мысалы, шығарманың оқиғасы өтетін жерде тау жоқ болса, «тау бар» деп жазуға болмайды» деп сөзін сабақтаған Т.Жұртбай: «Ғылым мен өрке­ниеттің сол дәуірдегі жетіс­тіктерінен асып кетуге болмайды. Міне, осы талаптар сақталған жағдайда ғана көркем шығарма тарихи сипатқа ие бола алады» деп түйіндеді сөзін.

 Абай туғанда болмаған, бірақ романда бар үш оқиға

Сондай-ақ Тұрсын Жұртбай өз сөзінде «Абай жолы» романында көркемдік мақсатпен енгізілген, алайда тарихи шындыққа сай келмейтін үш ірі оқиғаны нақты мысалмен түсіндірді:

  1. Қодар мен Қамқа оқиғасы

Бұл оқиға романда Абайдың көзі тірісінде болғандай суреттеледі. Бірақ тарихи деректер бойынша, Қодар мен Қамқа оқиғасы 1834-1836 жылдары орын алған. Яғни, Абай тумаған кезде, бұл жағдайға оның қатысы болуы мүмкін емес.

«Оқиға шынайы өмірде болған. Қазіргі Шәкәрімнің қыстауы маңында Қодар мен Қамқаның қабірі болған. Сол маңдағы халық: «Бұл екеуінің күнәсін қара жер де көтермейді» деп бейіттерін өртеп жіберген. Қамқаның шешесі қызының бетіне түкіріп, теріс бата бергені де шын. Тастан үйіп қоршап, ортасын өртеген сол үйінді әлі де бар. Шәкәрімнің қыстауынан 3 шақырымдай жерде, өзеннің арғы жағында сол белгі сақталған» деді ғалым.

  1. Мұсақұл соғысы

Романда Абай бұл соғысқа араласып, көзімен көргендей сипатталады. Бірақ шын мәнінде Мұсақұл соғысы 1846 жылы 16-17 қыркүйекте өткен. Бұл кезде Абай небәрі бір жасар бала болатын.

«А.Янушкевичтің күнделігінде: «Құнанбай бірдеңеге ашуланып, ағайындарымен араздасып кетті. Біз Қарқаралыға, Айбике болыстығына, Тәттімбеттің ауылына кеттік» деп жазады. Осы сапар барысында Мұсақұл соғысы басталған. Демек, бір жасар Абайдың ол соғысқа қатысып, ондағы оқиғаларға араласуы мүмкін емес» деді Тұрсын Жұртбай.

  1. Бөжейдің асы

Романда Бөжейдің асына Абай қатысып, тіпті оны басқарып жүреді. Алайда шын мәнінде Бөжейдің асы 1850 жылы берілген. Ол кезде Абай бар болғаны 5-6 жаста болған.

«Яғни, бұл үш оқиға да көркем шығармада Абай қатысқандай суреттелгенімен, тарихи уақыт тұрғысынан алғанда, оның қатысуы мүмкін емес екенін көреміз» деп тоқталды ғалым.

 Базаралы не үшін екі рет итжеккенге айдалды?

Ғалымның айтуынша, Базаралыны екі рет итжеккенге айдаған – Абайдың өзі.

«Абай болыс болғанда «ұры-қарыны, өтірікті тыямын» деген анты болған. Ал Базаралы болса – құдай берген күшін пайдаланып, барымтаны кәсіп еткен адам. Ол Абаймен ерегесіп, Абайдың ағасы Тәңірбергеннің 800 жылқысын барымталап Бөкенші өзенінің бойында, бір күннің ішінде терісін сыпырып тастаған» деді Т.Жұртбай. Демек, бұл оның бірінші рет итжеккенге айдалуына себеп болған.

Екінші рет айдалуына себеп:

«1864 жылы Құнанбай Меккеге кеткенде, Базаралы Абай мен Оспанның үйлерінің ортасындағы Нұрғанымның үйінде бір ай бойы жатып алады. Абайдың, Оспанның, Дүтбайдың балаларының көзінше өз дегенін істейді. Осы басынуы үшін Абай: «Түбінде бұл басынғаныңды саған көрсетемін» деп ант берген екен» деді ғалым.

«Базаралы романда – аңғал, батыр, кедей етіп бейнеленген. Тіпті Нұрғаным Құнанбайға: «Егер әйел болсаңыз, сіз де Базаралыдан бас тартпас едіңіз» деп айтады. Ал шындық басқа. Бұл – көркемдік шешімнің нәтижесі» деді ғалым. Сонымен қатар «Мұхтар Әуезов роман жазып жатқанда, жазушы Әлжаппар Әбішев: «Айгерімді жағымды кейіпкер етіп көрсетіңіз, кедейдің қызына обал болмасын. Ал Ділдә – менің апайым болса да, жағымсыз кейіпкер ретінде суреттеңіз» деп өтініш білдіргенін де айтып өтті ғалым.

Осыдан кейін Әуезов бастапқыда жазған Ділдә бейнесін Айгерімге ауыстырған екен. Міне, біз оқыған көркем шығарманың бір шындығы осылай.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button