Негізгі бағыттар айқындалды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытудағы бірқатар негізгі бағыттарға тоқталды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру және ауыл медицинасын модернизациялау мәселелері көтерілді.
Жаңа медициналық инфрақұрылым мынадай мүмкіндіктер береді:
- Заманауи емдеу жағдайлары – бұрын шетелге баруды қажет еткен жоғары технологиялы операциялар мен күрделі диагностиканы елімізде жасауға мүмкіндік туады.
- Мамандар даярлау – жаңа аурухана дәрігерлердің тәжірибеден өтуіне, білімін жетілдіруіне база болады, бұл кадрлық әлеуетті күшейтеді.
- Қолданыстағы клиникалардың жүктемесін азайту – науқастар медициналық көмекті уақтылы әрі сапалы алады.
- Өңірлік даму – жаңа жұмыс орындары ашылып, бизнеске қосымша серпін береді.
Бүгінде Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына 11 медициналық ұйым стационарлық көмек көрсетуде. Онда барлығы 4363 төсек-орын бар (ересектерге – 2807, балаларға – 1006, акушерлікке – 550).
Бас жоспардың демографиялық болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай қала халқы 2,3 миллионға жетеді. 2015 жылдан бері ірі медициналық нысандар салынбағанын ескерсек, ал халық саны осы уақыт аралығында 800 мыңнан 1,5 миллионға дейін өсті. Соның салдарынан қазіргі таңда төсек-орын тапшылығы бар. Болжам бойынша 2027 жылға қарай қосымша шамамен 1400 төсек-орын қажет болады.
Қазіргі таңда елорданың емханалары шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп отыр: жоспарлы қуаттылығы бір ауысымда 11 мың адамды қабылдауға есептелсе, іс жүзінде күніне 30 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетеді.
Осы мәселені шешу үшін алдағы 5 жылда 2 перинаталдық орталық, жаңа көпсалалы аурухана, №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностикалық кешен, 2 мемлекеттік және 3 жекеменшік емхана, сондай-ақ 2 жедел жәрдем станциясын салу көзделіп отыр.
Бұл шаралар халықтың сұранысына жауап беретін заманауи әрі тиімді медициналық инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы – жай ғана медициналық нысан тұрғызу емес, ол ең алдымен ұлт денсаулығына және елдің болашағына жасалған инвестиция. Мұндай орталық әрбір азамат үшін қолжетімді жоғары технологиялы ем мен заманауи қызмет көрсетудің орталығына айналады.
Әлия РҮСТЕМОВА,
Астана қаласы Денсаулық сақтау
басқармасының басшысы