Пара хоккейден өткен әлем чемпионаты аяқталды

Астанада пара хоккейден В тобы командалары арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Турнир 6-11 қыркүйек аралығында «Тарлан» мұз аренасында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарыс қорытындысы бойынша чемпиондық атақты Италия құрамасы иеленді. Күміс медаль Жапонияға бұйырса, Швеция құрамасы қола жүлдегер атанды. Қазақстан командасы төртінші орынға табан тіреді.
Бесінші орында – Финляндия, ал алтыншы орын Францияға бұйырды. Қазақстан құрамасы алты кездесу өткізіп, екі жеңіске қол жеткізді. Турнир барысында Ерлік Боқанов, Олег Басманов, Айдос Тоқтарбаев пен Қуат Қаріпбаев айрықша ойынымен көзге түсіп, «Матчтың үздік ойыншысы» атанды.
«Турнир жоғары деңгейде өтті. Бұл чемпионат елімізде пара хоккейдің әрі қарай дамуына үлкен серпін берді деп есептеймін. Министрлікке, Астана қаласының Спорт басқармасына, Қазақстан хоккей федерациясына, сондай-ақ Sport Qory мен CCM компанияларына көрсеткен қолдауы мен үлестері үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Қазақстан пара хоккей федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабиров.
Жарыс нәтижесінде алғашқы екі команда келесі маусымда А тобына жолдама алса, турнир кестесінің соңында қалған команда С тобына ауыстырылады. Сонымен қатар, Астанадағы чемпионат Милан-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына жолдама беретін іріктеу турниріне дайындықтағы маңызды кезең болды.
Іріктеу турнирі 5-10 қараша аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Дәл осы жерде Паралимпиада жолдамасының иегерлері анықталмақ.