Ұлттық кітапхана жаңа сирек қолжазбамен толықты

Жиынға еліміздің белгілі қолжазбатану және шығыстану саласының ғалымдары, кітапхана қызметкерлері мен жас зерттеушілер қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы қолжазба мұраларды жүйелі түрде зерттеп, сақтау және ғылыми айналымға енгізу. Жиында зерттеулердің әдістемелік және құқықтық негіздері талқыланып, қолжазбатану ғылымының қазіргі даму үрдістері айқындалды. Сондай-ақ, отандық және халықаралық ғылыми қауымдастық арасындағы кәсіби байланысты нығайту мәселелері көтерілді.
Отырыс барысында қатысушылар «Қазақстандағы мемлекеттік және жеке қолжазба қорлары: ғылыми-практикалық маңызы, заңнамалық, құқықтық мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, қолжазбаларды сақтау мен пайдалану кезінде туындайтын өзекті мәселелерді атап өтті. Сонымен қатар ғылыми және құқықтық тұрғыда шешуді қажет ететін жайттар да көтерілді.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен жарық көрген Сұлтан Әли Табиб әл-Хорасанидің «Емшілік дәстүрі» атты еңбегінің таныстырылымы өтті.