Мәдениет

Қазақ операсының жауһарлары

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ операсының жауһарлары» атты концерт өтті.

Көрермендерді ұлттық опера өнерінің шоқтығы биік туындыларымен тамсантқан кеште қазақ операсының қалыптасу тарихын айшықтайтын шығармалар орындалды.

Атап айтқанда, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің қазақ классикасына айналған «Абай» операсы, Мұқан Төле­баевтың ұлы махаббат пен өнерге адалдықты жырлайтын «Біржан-Сара» шығармасы, Сыдық Мұхамеджановтың нәзік те сыршыл «Айсұлуы» мен драмалық қуаты мол «Ақан сері-Ақтоты» операсынан үзінділер бар.  Бұған қоса, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек», Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» мен «Алпамыс», Айтқали Жайымовтың «Бейбарыс» операларының сазды әуендері әуеледі.

Астаналық филармонияның симфониялық оркестрінің сүйе­мелдеуімен өнер ұжымы­ның солистері Әйгерім Аман­жолова, Шаһризада Ты­ныштық, Нұрсәт Алмас, Алтынбек Арыстанбек, Фируза Рах­метова, Ринат Нұрмахан, Әділ Сұлтан, Қуаныш Белал әсерлі кеш сыйлады.

Айта кетерлігі, 18 қыркүйек күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі XVIII концерттік маусымын ашады. «Құлақтан кіріп бойды алар» аталатын бұл концерт те Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button