Ел тынысы

Қазақстан цифрлы мемлекетке айналады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды ­интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңеске Премьер-­министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың же­текшілері қатысты.

Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.

– Бұл технология әлемдегі барлық елдің дамуына тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Біз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістікке қол жеткіздік, бірақ босаңсуға болмайды. Осы стратегиялық бағытта табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл жұмысқа мен ең маңызды басымдықтың бірі ретінде қараймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Бұл, әрине, теңдесі жоқ өсім болмақ. Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазір бұл саладағы бәсеке күшейді.

– Биыл шілде айында АҚШ Президенті Дональд Трамптың Әкімшілігі «America’s AI Action Plan» стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Мамандарымыз осы және басқа да құжаттарды мұқият зерделеп, нақты қорытынды жасауы керек. Ал Қытай Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мақсат – жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, жасанды интеллектіні тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру. Қытайдың мұндай ұйым құру туралы ұсынысын қолдау керек деп ойлаймын. Дайындық іс-шараларына атсалысу қажет. Бұл – еліміздің мүддесі. Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшу керек. Әр мәселеге жүйелі түрде қарап, батыл шешімдер қабылдап, оның орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші болуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше, ЖИ – еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербес­тігінің тірегі.

– Алдағы бес жыл ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек. Үкімет Стратегиялық жос­парлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысымыздың бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет. Ол экономика мен мемлекеттік секторға аталған технологияны енгізу тұрғысынан нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Құжаттың міндеті – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға және жаңа индустрияларды құруға ықпал ету. Сонымен қатар жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға сұранысты болжау арқылы еңбек нарығындағы трансформацияны басқаруға назар аударған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басым бағытқа жеке-жеке тоқталды.

– Жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізуді қолға алу қажет. Бұл – күрделі, бірақ өмірлік маңызы бар міндет. Өйткені экономиканы түбегейлі жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін, ең алдымен, ірі кәсіпорындармен ықпалдастықты жолға қойған жөн. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге жыл соңына дейін жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізіп, экономикалық тиімділігін көрсететін нақты үлгілер ұсынуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің өте қарқынды дамып бара жатқанынан байланысты өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті.

Кеңес барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Сонымен қатар талқылауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасарлары Ермек Көшербаев пен Қанат Бозымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button