«Абай мұрасына жаңаша көзқарас»

Астанада «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған іс-шараға абайтанушылар, зерттеушілер, ақын-жазушылар мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен, сондай-ақ Армения, Индонезия және Словакия Республикасынан кітапхана саласының өкілдері онлайн форматта қатысты.
Жиында Абай Құнанбайұлы мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызы мен құндылығы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар Абайдың философиялық, әдеби және ағартушылық көзқарастарының бүгінгі күнмен үндестігі мен рухани жаңғыру үдерісіндегі рөлі сөз етілді.
Конференция аясында шығармашыл ұстаз Гүлмира Амандықованың «Ұрпаққа ұлағат» атты жаңа жинағы таныстырылды. Бұл еңбекте автор ақынның «Қара сөздерін» қазақ тілін үйренушілердің ортаңғы деңгейіне бейімдеп ұсынған.