Мәдениет

Ұлы ақын әлеміне арналған

Ұлттық академиялық кітапханада ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – тұтас бір әлем» атты көрме ашылып, белгілі жазушы Кәмен Оразалиннің қайта басылған «Абайдан соңғы арыстар» үш томдығының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға белгілі ғалымдар мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір, белгілі ақындар Бауыржан Бабажанұлы, Қалқаман Сарин қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Көрменің мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын, өлеңдері мен қара сөздерін, аудармалары мен философиялық ой-толғауларын кеңінен насихаттау арқылы оның қазіргі қоғам дамуындағы маңызы мен рухани құндылығын тереңінен ашу. Көрме ұлы ойшылдың ұлт мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін танытып, әлемдік деңгейдегі тұлға ретіндегі Абайдың орнын айқындауға, сондай-ақ жас ұрпақты адамгершілікке, рухани-мәдени құндылықтарға баулуға бағытталды. Көрмеге 184 кітап, 4 дәйек сөз және 8 сурет қойылды. Экспозиция бірнеше тақырыптық бөлімдерге бөлінген:

«Қалың елім, қазағым» бөлімінде Абайдың әр жылдары жарық көрген өлеңдер жинақтары мен поэмалары ұсынылған. Мұнда 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан алғашқы басылымнан бастап, кейінгі толық жинақтар қамтылған.

«Абай және музыка» бөлімі арқылы Абайдың ән мұрасы, музыкалық ықпалы, сондай-ақ оның әндерінің кейінгі опералық, симфониялық шығармаларға арқау болғаны баяндалған. «Абай әуендері», «Песенное творчество Абая», «Көңілімнің санасы» еңбектері қойылған.

«Абай – әлем тілдерінде» бөлімі Абай шығармаларының ағылшын, араб, француз, қытай, жапон, орыс және тағы басқа тілдерге аударылған нұсқаларын қамтыды.

«Абайдың дүниетанымы» бөлімі ақынның рухани және философиялық көзқарасы, гуманистік идеялары туралы сыр шертіп, адам болу іліміне негізделген еңбектеріне жетелейді.

«Абай мұрагерлерінің еңбектері» бөлімінде Абай шығармашылығын алғаш зерттеген және насихаттаған Алаш арыстары мен кейінгі буын абайтанушылардың еңбектері топтастырылған.

Биыл туғанына 105 жыл толып отырған жазушы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» кітабы – қазақ халқының даңқты перзенттерінің ел тәуелсіздігі үшін күрескен кезеңін суреттеуге арналған эпикалық роман-трилогия.

«Алаш» өкіметі 1918 жылдың жазында Орынбор қаласынан Семейге қоныс аударғаны белгілі. Сонда оларды қазіргі Абай ауданының Шаған өзенінің бойында қарсы алу салтанаты болады. Оған Қызылжар, Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Кереку, Сергиополь, Зайсан мен Өскеменнің ел басшылары қатысады. Романда «Алаш» басшылары Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков  іс-әрекеттері жан-жақты суреттеледі. Шәкәрім, Абай баласы Мекайіл, Мұхтар Әуезов те барлық оқиғаға тікелей араласып отырады. Автор бұл еңбегінде халқымыздың ардагер ұлдарының асқақ бейнесін әр қырынан сомдап, жұртшылық санасында қайта жаң­ғыртуды мақсат тұтқан.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button