Басты ақпаратҚоғам

Халқы үшін қалам тербеген

Арқа жерінің тарихы, есімдері ескерусіз қалған ерен тұлғалар туралы қалам тербеген жергілікті өлкетанушы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Клара Әмірқызының туғанына биыл – 100 жыл. Осыған орай ұлттық құндылықтарды ерекше дәріптеген жанның артында қалған ұрпақтары елордалық жалпы жұртшылыққа ас беріп, құран бағыштады.

Қазіргі «Астана ақшамы», ол кездегі «Ақмола ақиқаты» газетінің тұрақты авторларының бірі болған, әсіресе, бұрмаланған ел-жер су аттары жайлы шынайы дүниелер жазған өлкетанушыны еске алуға арналған жиында оның туыстары мен көзкөрген қызметтес азаматтар естелік әңгімелер айтты.

1925 жылы 13 наурызда Ақмола облысының Атбасар ауданындағы Ерікті ауылында дүниеге келген қыз бала сол кездегі ел басына түскен ауыр нәубеттің бәрін басынан кешірді. Жиырмасыншы жылдардың аяғындағы конфискация, отызыншы жылдардың басындағы алапат аштық, одан қалды қыр­қыншы жылдардың ортасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс оның балаң жүрегіне сызатын салмай қоймады. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Бақыт Сейдахметқызы апайының заты әйел болса да ерге бергісіз қызмет еткеніне, елдегі ер-азаматтар майданға аттанғанда, оныншы сыныпта оқып жүрген оқушы соғысқа кеткен ұстаздардың орнына мұғалім болып, өзінен сәл ғана кіші балаларға дәріс бергеніне тоқталды.

– Жасынан ауылдағы көнекөз қарттардың әңгімесін тыңдап, ақ жаулықты әжелердің аузынан шыққан әр сөзді жаттап өскен қыздың бойында білімге деген құштарлық мол еді. Бойжеткен болып бой түзеп, алаңсыз айнаға қарап сылану оның маңдайына жазылмапты. Ол кезде қыздар машина айдамайтын, ал Клара апамыз жұмысын жылдамдату үшін тіпті көліктің тізгінін де ұстады.  Бізге өмірдегі барлық жақсылықты үйретті. Артында қалған бала-шаға, немерелеріне ұзақ ғұмыр тілеймін. Оқытқан дұға-тілектер қабыл, апамыздың жатқан жері жарық болсын! – деді ол.

Белгілі журналист Әмина Міржүсіпқызы жүзі жылы, басқан ізі білінбейтін, ақырын сөйлесе де, ақылмен ой айтатын, ішкі мәдениеті аса жоғары, соншалықты сыпайы, жанына жақын аяулы адамнан айы­рылғанына 23 жылдың жүзі болғанын, әр кездескен сайын үлпілдеген бауырсағын жайып, қаймақ қатқан қою шәйімен қарсы алып, әңгіменің тиегі ағытылатынын тебірене еске алды.

– Сол бір 2002 жыл мен үшін өте ауыр жыл болды. Отағасым Жұматайдың ауыр дертке шалдыққаны аздай, өзімнің анамдай болып кеткен Клара апам кенеттен қатерлі дертке ұшырады. Өмірінде дәрігердің көмегіне жүгініп көрмеген апамның төзімі Атбасардың ауруханасында бір аптадай ғана жатуға жетті. Астанаға оралысымен апама жеттім. Қатты қиналып жатты. Соңғы шыққан «Атақоныс – аманат атты кітабын берді. Сөйлеуге шамасы келмесе де, екеуміз де көзбен қоштасқандай болдық. Қандай ауыр. Сол бетіммен ауруханада жатқан Жұматайға бардым. Мән-жайды түсіндіріп болған соң, «Клара апам күн санап жатыр, саған айтып ем ғой, «мен бақилық болғанда сен жоқтарсың» деп өтінгенін. Қанша қиналып жүрсе де, өзі аса құрметтейтін апасына арнап алты ауыз жоқтау­-өлең жазып берді. Аяулы апамды ақырғы сапарға шығарарда осы жоқтауды бірнеше рет қайталап айтып шықтым, жиналғандар мені ең жақынының бірі санап, қау­малап алды.

Торғай облысы жабылған соң, Ақмолаға келгенбіз, Жүкең газетке, мен телевидениеге редактор болып орналастым. Ол кезде облыстағы қазақтардың саны 22% ғана болатын. Қазақ тілінде сөйлейтіндерді табу қиынның қиыны. Бірде әріптестерімнің бірі осында белсенді апамыздың бар екенін айтты. Клара апаммен таныстығым осылай басталып, өмірінің ақырына дейін үзілген емес. Апам қай тақырыпқа да жүйрік еді. Әсіресе, Атбасар өңірінің ежелгі тарихы, қазақы аттарын қайтару жөнінде үлкен хабарлар жасадық. Ол кісі өмірі ізденісте жүретін. Атбасардағы болыстардың аттары, қоныстанған жері, тұрғындарының саны, тіпті мал санын да дәл атаған ғой.

Апай өмір бойы ағартушылық қызметте болды. Мұғалімдігін мұражай қызметіне ауыстырып, Атбасардан тарихи өлкетану мұражайын құрды. Апайдың үйіне ылғи балаларды ертіп баратынмын. Ол кісінің тортының, үлпілдеген бауырсағының дәмі балалардың таңдайында қалып қойған. «Ана Саят Түркиядағы оқуын менің бауырсағымды жеп жүріп бітірді» деп күлетін. Ұшақпен ұшқан бауырсақтардың дәмін талай бала татқан-ды. Кондитерлік кәсіпті Айнұр осы апамның тортын пісіріп ашқан болатын. Сол кісінің тәсілімен пісірілген «Черепашка от Клары» бүгінде көпшіліктің сүйсініп жейтін тәттісіне айналған. Күн сайын аты аталып, апамның аруағы аунап түсіп жатқан шығар, рухы шаттансын, – деді Әмина Міржүсіпова.

Атбасардағы өлкетану музейінің директоры Анар Ильясова болса жұмыстан қол үзбей жүріп, Клара Әмірқызы Көкшетау педагогикалық училищесін тәмамдағаннан кейін өзі оқыған орта мектепте он жеті жыл табан аудармастан ұстаздық еткенін, 1963 жылы осы қаладағы №2 кітапхананың негізін қалап, кейін оның жанынан өлкетану мүйісін ашқанын айтты.

– Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен елге жер-жерлерден жиналған өзге ұлт өкілдері басым болған, ауылдардағы қазақ мектептері жабылып, көптеген елді мекеннің көне атауларының орнына жаңа атаулар қойылған сол тұста ұлттық кітапхана мен ұлттық музей ашу оңай бола қойған жоқ. Ол кезде қазіргідей машина көп емес. Жаяулап-жалпылап талайдың есігін тоздырды. Бұл жолда кездескен қиындықтарды өзінің қанында бар ұлтжандылық қасиетінің арқасында жеңе жүріп, туған өлкесі жайында дерек іздеп, архив қопарып, үлкендерден шежіре шертіп, көне мазарларды аралап, дамылсыз еңбек етті. Төккен тері зая кетпеді. Атбасар қаласының орталығынан тарихи-өлкетану мұражайын ашты. Одан соң әйгілі жазушы, осы маңда дүниеге келген Ілияс Есенберлиннің мұражайының бой көтеруіне атсалысып, атбасарлықтар үшін, жалпы Ақмола облысы үшін мол мұра қалдыр­ды. Ата-бабаларымыз «Артында бар оңалар» деп текке айтпаған ғой. Сіздердей перзент қалдырған Клара апамыз, Клара апамыздай анасы болған сіздер бақыттысыздар, – деді музей директоры.

Одан кейін сөз алған ұстаздар Бикен Қапашева, Алха Сасыкова ол тұста қазақтың ұлттық киімін көшеде киіп жүруге екінің бірінің жүрегі дауаламайтынын, ал Клара Әмірқызы көпшіліктің есінде сол қарапайым қазақы киім үлгісімен де қалғанын, басынан аппақ бөртпе шәлісі мен иығынан оюлы камзолы түспейтінін, осылайша, ол қазақтың ұлттық киiмi тек қазаққа ғана жарасатынын және тіл ұлттың ішкі жан дүниесін көрсетсе, ұлтық киім сол халықтың сыртқы болмысын айқындайтынын күнделікті өмірде ісімен көрсетіп кеткенін тебірене жеткізді. Туысқандары Серік ­Тиесов, Майраш Молдахметова, Ақмоладағы алғашқы қазақ музыка мектебінің директоры болған белгілі ұстаз-зейнеткер, Білім беру ісінің үздігі Оспан Сүлейменов және қыздары Гүлнар, Әскен Махановалар апаның қазаққа ғана тән қонақжайлылығын, ғұмырының соңғы жылдары сол кездегі Ақмола, қазіргі Астана қаласының қазақылануына, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлеріміздің қайта жаңғыруына барынша үлесін қосқанын, тіпті сонау бір жылдары еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» ұжымы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғанда алғашқылардың бірі болып келген әріптестерімізді алдарынан шығып күтіп алып, қазақы жөн-жобамен шашуын шашып, ерулік беріп, ерекше ілтипат көрсеткенін айтты.

Жетпіс жылдан аса ғұмыр кешкен апай саналы өмірінде қазақтың талай зиялы тұлғаларымен жақын араласа жүріп, бес баласын тәрбиелеумен бірге қолынан қаламын тастамады. Оған сол жылдарда дүние­ге келген «Ауылым – атамекенім», «Қиылған ғұмырлар», «Атақоныс ақиқаты», «Аза тұтар ардағымыз», «Атақоныс – аманат» атты еңбектері куә. Көзі тірісінде Атбасар қаласының құрметті азаматы атанды. Өмірден өткеннен кейін сол қаланың көрнекті жерінен Клара Әмірқызына көше берілді. Ал Астанада ол кісінің атында көше де жоқ, тым болмаса алдағы уақытта елордадағы өзі тұрған үйдің бұрышына бір ескерткіш-тақта орнатылса, халқы үшін қалам тербеп, ұлт болашағы жолында тер төккен жанның рухы шат болар ма еді.

Гүлбаршын ӨКЕШЫЗЫ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button