Елорда вокзалының бес миллионыншы жолаушысы

Елорда темір жол вокзалында бес миллионыншы жолаушы анықталып, оны темсіржол басшылығы салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жыл басынан бері «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарымен тасымалданған бес миллионыншы жолаушы елордадағы «Астана-1» теміржол вокзалында салтанатты түрде қарсы алынды. Сәтті билет иегері – небәрі 8 жастағы Мөлдір Сұлтан есімді жолаушы. Ол анасымен бірге Алматыдан Астанаға №9/10 бағытындағы жолаушылар пойызымен сапар шеккен.
Айрықша оқиғаға орай ұйымдастырылған шара барысында Мөлдірге Ұлттық тасымалдаушы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Жас жолаушыға жұмсақ ойыншық, планшет және сымсыз құлаққап сыйға берілді. Сыйлықтарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының директоры Замира Абжаппарова салтанатты түрде табыс етті.
«Бұл сапар біз үшін ұмытылмас әсерге толы болды. Билеттің мерейтойлық екенін естіген сәтте таңданысымызда шек болмады. Бес миллионыншы жолаушы атанамын деп ойламаған едім. Ұйымдастырушыларға көрсеткен құрметі мен сыйлаған қуанышты сәттері үшін шын жүректен алғыс айтамыз» — деп әсерін жеткізді Мөлдірдің анасы.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ миллионыншы жолаушыны ерекше ілтипатпен қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Бұл – теміржол көлігін таңдаған жолаушыларға деген алғыстың және жоғары сапалы қызмет көрсетуге деген ұмтылыстың жарқын көрінісі.