Мәдениет

Әкемен сырласу кеші

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, журналист Әкім Ысқақтың Ұлттық академиялық кітапханада «Әке – алтын сандық» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

Ұлттық академиялық кі­тапхана мен республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі бірлесе өткізген кештің модераторы – респуб­ликалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары әрі Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Нығметұлы.

Іс-шара аясында жазушының «Әкеммен сырласу» және «Жақыныңды жоғалтпашы» атты жаңа кітаптарының тұсау­кесері өтті. Кешке ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аталған қоғамдық бірлестік мүшелері, мектеп мұғалімдері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты. Негізгі мақсат – әке тұлғасының бала тәрбиесіндегі, отбасы құндылығын сақтаудағы және салауатты қоғам қалыптастырудағы маңызын насихаттау, сондай-ақ қазақ қоғамындағы әке рөлін ұлықтау.

Қатысушылар Әкім Ыс­қақ­тың шығармашылығы мен ел алдындағы еңбегінің маңызына кеңінен тоқталды. Олар қаламгердің ел тарихында алар орны ерекше екенін атап өтті. Әсіресе оның «Халықтың көші-қоны туралы» заңын қазақ тілінде алғаш жазып, бұл бастаманың нәтижесінде шет елдердегі 2 миллионға жуық қандастың атамекеніне оралуына жол ашқаны ерекше аталды. Тарихи бастаманың еліміздің демографиялық және ұлттық саясатына қосқан үлесі зор екені айтылды. Сонымен қатар Әкім Ысқақтың шетелдегі қазақ балаларының тағдырына алаңдап, Америка, Англия, Түркия елдеріне барып, көзімен көріп, жүрегімен сезінген тұңғыш депутат ретінде ел есінде қалғаны да ерекше аталып өтті. Ол туралы жазған әсерлі эсселерінің тәрбиелік, азаматтық, гуманис­тік құндылығы жоғары екені ескерілді. «Алтыным», «Адам – өмір дәптері», «Жүректегі жазулар», «Әкеге хат» сынды кітаптарының ұлттық тәрбие­ге, отбасы құндылығына, адамгершілік пен адалдық тақырыптарына арналуы да сөз болды. Бұл еңбектер – көркем туынды ғана емес, тәрбиелік мәні зор рухани мұра. Сондай-ақ тұсауы кесілген «Әкеммен сырласу» кітабында жазушының балалық шағы мен әкесіне деген құрмет, сағыныш арқылы қазіргі әке тұлғасын терең ашып көрсете білгені айтылса, «Жақыныңды жоғалтпашы» атты өлеңдер жинағы арқылы жақынға деген құрмет, ата-­анаға махаббат, достық пен адалдық секілді асыл қасиеттер көркем түрде жеткізілген.

Іс-шара соңында қатысу­шылар жазушы шығармаларының жастар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосып жатқан өлшеусіз үлесін ерекше ризашылықпен атап өтті.сс

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button