Этномәдени көрме

Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме өтуде. Мазмұны жағынан ол екі негізгі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім «Біртұтас көпұлтты Қазақстан» деп аталады. Бұл бөлімде елімізде өмір сүретін этностардың тарихи қалыптасу жолы, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылу кезеңдері мен қызметі кеңінен баяндалған. Мұнда 200-ден астам тарихи құжаттар, фотосуреттер мен заттай экспонаттар қойылған. Сонымен қатар ассамблеяның даму тарихына қатысты сирек архивтік материалдар мен жинақтар ұсынылған. Екінші бөлім «Көпұлтты Қазақстанның мәдени мұрасы» деп аталады. Мұнда Қазақстанда тұратын 25 этностың 350-ге жуық бірегей жәдігері көрсетілген. Экспозицияға зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, мүсіндер, бейнелеу өнері шығармалары, сирек кітаптар және тарихи құндылықтар қойылған. Барлық экспонат еліміздің этномәдени байлығын, рухани әртүрлілігін және ұлттық бірегейлігін айшықтайды.
– Бұл көрме – тек мәдени шара ғана емес, еліміздің бірегей үлгісін көрсететін маңызды платформа. Қазақстан әлемге этникалық және діни алуандылық арасындағы үйлесімді бірлік моделін ұсынады. Бұл көрме арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, әр этностың қосқан үлесін және ортақ болашақ құру жолындағы бірлескен қадамдарымызды көрсетеміз, – деп атап өтті Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің басшысы Руслан Ибраев.
Көрме келушілер үшін күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін ашық, сағат 12:00 мен 17:00-ге дейін арнайы экскурсиялар тегін өтеді, көрме мамырға дейін жалғасады.