Қоғам

Құрғақ шөп қауіпті

Көктем-жаз мезгілінің келуімен құрғақ шөп пен қоқыстың жану жағдайлары жиілеп кетті. Көптеген азаматтар салдарын түсінбей, саяжайларда, егістік алқаптарда немесе тұрғын үйлердің жанында құрғақ шөпті жағады. Алайда мұндай әрекеттер қоршаған ортаға, адамдардың өмірі мен мүлкіне үлкен қауіп төндіреді.

Жалпы, құрғақ шөпті жағудың қауіптілігі туралы айтсақ, оның бірнеше себебі бар. Олар:

  1. Оттың жылдам таралуы. Құрғақ әрі желді ауа райында от найзағайдай жылдам тарап, санаулы минуттарда үлкен аумақты шарпып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда өртті сөндіру өте қиынға соғады.
  2. Адам өмірі мен денсаулығына қатер. Өрт тұрғын үйлерге, шаруашылық нысандарына, көліктерге жайылуы мүмкін. Адамдар күйіп, улы газбен улануы ықтимал. Жыл сайын өрт салдарынан қаза табу оқиғалары тіркеліп отырады.
  3. Экологияға зиян. Құрғақ шөптің жануы топырақтың құнарлы қабатын, жәндіктерді, ұсақ жануарлар мен құстардың ұяларын жояды. Ауаға зиянды заттар мен күйе бөлінеді.
  4. Орман және дала өрттерінің қаупі. Бақылаусыз қалған бір ғана от – бірнеше күнге созылатын ірі өртке, табиғи апатқа себеп болуы мүмкін.

Өрттің алдын қалай алуға болады дегенге келсек, бұл ретте мына жайларды ескерген жөн. Ашық жерлерде от жағуға болмайды. Өшпеген темекі мен шырпыны тастамаңыз. Қоқыс пен құрғақ шөпті жағудың орнына механикалық әдіспен тазалаңыз. Балаларға отпен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіріңіз.

Өрт шыққанын байқасаңыз, 101 немесе 112 нөміріне дереу қоңырау шалыңыз. Есіңізде болсын, от салғырттықты кешірмейді!

Әрбір азамат өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың амандығына жауапты. Бақытсыз жағдайға себепкер болмаңыз. Құрғақ шөпті жақпаңыз, табиғатты, өмірді және болашақты сақтаңыз!

Дария БАЙЗУЛОВА,

Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы ТЖБ бас маманы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button