Әке тәрбиесі – алдыңғы орында

Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай Астана қаласының №86 «Зияткер» балабақшасында отбасындағы әке рөлінің мәнін ұғындыру мақсатында отырыс өтті. Іс-шарада «Әке мен бала» суреттер көрмесі, «Отбасындағы бала тәрбиесі» кітап көрмесі және әке мен балалардың бірлесіп ағаштан жасаған қолөнер жұмысы ұсынылды.
Әр әке өздерінің мамандықтары мен бала тәрбиесінде жеткен жетістіктері жайында әңгіме қозғап, «қызықты сұрақтар» айдарына жауап берді. Отырыс барысында «Таза Қазақстан» акциясы негізінде әкелердің сенбілікте жасаған тазалық жұмыстары «Еңбек түбі – береке» бейнематериал ретінде түсіріліп, отырыста көрсетілген болатын. «Құнанбай мен Абайдың бала тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында сұрақтар қойылып, қатысушылар сұрақтарға жауап беріп ғана қоймай, қазіргі бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер, «гаджетті пайдасы мен зияны» жөнінде ой пікірлерімен бөлісті.
Бірінші балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле деп айтып кеткен Абайдың қара сөздерінен үзінді оқылып, «Абай аманаты» эксперименттік топ балалары ақын әндерін шырқады.
«Ана – сая болар бағың болса, әке – асқар тауың» дейді халқымыз. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл – береке, ынтымағы әкенің әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие», – деді балабақша меңгерушісі Мейрамгүл Махамбетова.
Іс-шара соңында белсенділік танытқан әкелерге алғыс хат пен сыйлықтар тарту етілді. 25 әке қатысқан іс-шараны жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Құралай АБИЛДАЕВА,
Астана қаласы №86 «Зияткер»
балабақшасының инновация әдіскері