500-ден астам бала хоккеймен тегін шұғылданады

Елордада 500-ден астам бала хоккеймен тегін шұғылданып жүр. Астанадағы «Барыс» хоккей клубының мұз айдынында 14 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының кезекті туры өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
№10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің жас хоккейшілері 2011 жылғылар арасындағы А лигасында Өскемен қаласынан келген «Торпедо» клубымен күш сынасты. Республикамыздағы үздіктердің қатарынан саналатын ұжымдардың өзара ойыны 5:7 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
«Жас хоккейшілер аптасына 5 мәрте жаттығу өткізіп, ойын ырғағын сақтай алады. Енді келесі матчта Өскемен қаласына барамыз. Өткен маусымда қола жүлде алған едік. Биыл да соңына дейін күресеміз», – деді №10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің оқу жаттығу бойынша басшысының орынбасары Марат Садыров.
Айта кетейік, бұл мектепте дәл қазір 538 бала тегін жаттығады.
7 ақпан күні алауы тұтанатын Харбиндегі IX қысқы Азия ойындарында да бұл мектептің 6 хоккейшісі ел намысын қорғап жатыр.