ЖРВИ-мен ауырған балалардың 97 пайызы вакцинацияланбаған
Астана стационарларындағы ЖРВИ-мен ауырған балалардың 97 пайызы вакцинацияланбаған, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Елорданың Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында бүгінде 300-ге жуық науқас бала емделуде, оның 100-ден астамы жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырған. Асқынулары бар науқастардың көпшілігі вакцинацияланбаған. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мәлімдеді.
Науқас балалар арасында өкпенің қабынуы көптеп кездеседі, асқынған түрі тіркелмеген. Бұл сондай-ақ халық арасында вакцинациялаудың арқасында, екенін атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
«Айта кету керек, стационарға түскен балалардың 97 пайыздан астамы вакцинацияланбаған. Көбінесе олар асқынулармен, яғни ентігумен немесе құрысулармен келеді. Жоғарыда аталған барлық көрсеткіштер халықты жұқпалы ауруларға қарсы иммундаудың аурудың алдын алуда маңызды рөл атқаратындығының дәлелі болып саналады», — деді Досмырзаева.
Ол ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін емханаларда жұмыс күндері сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін сүзгі кабинеттері жұмыс істейтінін еске салды.
Сондай-ақ ұлттық күнтізбе бойынша қалалық емханалардың егу кабинеттерінде вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі елорда тұрғындарын өз денсаулығы мен балаларының денсаулығына ұқыпты қарауға, сондай-ақ вакцинамен басқарылатын инфекциялармен аурулардың алдын алу үшін вакцинация алуға шақырды.