Ел тынысы

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда

Қазақстанда жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Жүйе 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіліп, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру құралдарының бірі болып табылады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңіне жататын азаматтардың көпшілігі міндетті декларациялаудан босатылды. Олардың қатарында зейнеткерлер, жекеменшік ұйым қызметкерлері, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер бар. Алайда Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде мүлкі, активтері немесе ақшалай қаражаты бар тұлғалар бұл талаптан босатылмайды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ильяс Шаймағамбетов Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Активтер мен міндеттемелер туралы» (250.00) декларация

«Активтер мен міндеттемелер туралы» (250.00) декларация бастапқы декларациялау міндеті туындаған азаматтарға арналған. Ең алдымен оны шетелде мүлкі немесе активтері бар Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары тапсырады. Бұл санатқа шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары бар азаматтар, шетелдік компанияларда үлесі бар тұлғалар жатады.

Сондай-ақ, шетел банктеріндегі немесе брокерлік шоттарындағы қаражатының көлемі 1 000 АЕК-тен асатын азаматтарға да декларация тапсыру міндеті жүктеледі. Бұдан бөлек, декларацияда бағалы қағаздар, инвестициялық алтын, цифрлық активтер, зияткерлік меншік нысандары, дебиторлық және кредиторлық берешек туралы мәліметтер көрсетіледі. Сонымен қатар сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар мен олардың жұбайлары да 250.00 нысанын тапсыруға міндетті.

Декларацияда Қазақстан аумағындағы және шетелдегі жылжымалы әрі жылжымайтын мүлік, шетелдік шоттардағы қаражат, заңды тұлғалардағы үлестер, бағалы қағаздар және өзге де активтер туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұдан бөлек, заңнамада белгіленген шек көлеміндегі қолма-қол ақша және құны 1 000 АЕК-тен асатын өзге де мүлік туралы ақпарат енгізіледі.

270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларация

«Кірістер мен мүлік туралы» декларацияны (270.00) мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, олардың жұбайлары тапсыруға міндетті.

-Декларанттар қатарына банктердің, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен құрылтайшылары, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар және жеке сот орындаушылары кіреді. Декларацияны ұсыну міндеті шетелдік активтері, цифрлық активтері немесе шетел банктеріндегі 1 000 АЕК-тен асатын қаражаты бар азаматтарға да таралады. Сонымен қатар өз бетінше салық салынуға жататын табыс алған азаматтар және құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған тұлғалар да декларация тапсыруы тиіс. Декларация ұсыну табыс пен мүліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, жалпыға бірдей декларациялау жүйесінің маңызды элементі болып саналады,- дейді спикер.

«Кірістер мен мүлік туралы» декларацияда нені көрсету қажет

270.00 нысанындағы декларацияда Қазақстан аумағында және шетелде алынған табыстар туралы мәліметтер қамтылады. Құжатта жеке тұлғаның меншігіндегі мүлік және өз бетінше салық салынуға жататын кірістер туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар салықтық шегерімдер, мүлікті сатып алу, иеліктен шығару немесе өтеусіз алу туралы мәліметтер енгізіледі.

Мүлікті сатып алуға жұмсалған шығындарды жабу көздері, шетел банктеріндегі қаражат, бағалы қағаздар және өзге де шетелдік активтер міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, растайтын құжаттар болған жағдайда дебиторлық және кредиторлық берешек туралы мәліметтер енгізіледі.

Жеке тұлғалар үшін декларация тапсырудың нақты мерзімдері белгіленген. 250.00 нысанындағы активтер мен міндеттемелер туралы декларация міндеттеме туындаған жылы 15 қыркүйектен кешіктірілмей ұсынылады. Ал 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларация есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тапсырылады.

Заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Декларацияны алғаш рет тапсырмаған жағдайда ескерту жасалады, ал бір жыл ішінде қайталанған бұзушылық үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Толық емес немесе жалған мәлімет ұсынғаны үшін де ескерту немесе қайталанған жағдайда 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлікті немесе ақшалай қаражатты жасырғаны үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Декларацияны қалай тапсыруға болады

Салық декларациясын электронды форматта да, қағаз түрінде де тапсыруға болады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін cabinet.salyk.kz порталындағы «Салық төлеушінің кабинеті», eGov.kz порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat, eGov mobile, Halyk, BCC.KZ және Kaspi.kz мобильді қосымшалары қолжетімді.

Қажет болған жағдайда декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына жеке барып, ХҚКО арқылы немесе пошта арқылы тапсыруға болады. Мамандар құжаттарды соңғы күнге қалдырмай, декларация тапсыру міндетінің бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес береді.

Есептілікті уақытылы тапсыру айыппұлдар мен әкімшілік жауапкершіліктің өзге де шараларынан сақтануға мүмкіндік береді. Жалпыға бірдей декларациялау қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруға, салық тәртібін нығайтуға және әділ салық салуды қамтамасыз етуге ықпал етеді.

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button