Жасай бер мәңгі, Елордам!

Жасап бір жаңа бастама,
Ұқсамас мүлде басқаға.
Әлемде жоқ үлгімен,
Бой көтерді Астана.
Әдемі сұлу сәні асқан,
Бітімі бөлек жарасқан,
Көрікті биік зәулім үй,
Жарыса көкпен таласқан.
Өзгеше жайнап өңірі,
Өзгерген қала өмірі.
Бір-бірінен озғандай,
Ғимараттың не бірі.
Қалғандай бәрі жараса,
Жалғасып жатыр жанаса.
Ғажап бір әсер бергендей,
Жан дүниеңе тамаша.
Сұлулық бойда тұр тұнып,
Сарыарқа төрі құлпырып.
Шет елден келген қонақтар,
Қызығып қарар ынтығып.
Өзгертіп сәндік барысын.
Келтіріп ұлттық мәнісін.
Дулыға кисе «Хан Шатыр»,
«Бәйтерек» киген тәжісін.
Қос ғимарат мүсіні,
Таңғалдырып кісіні.
Кызықтырар алыстан,
Көрікті сұлу пішіні.
Көрсетіп бойын көк асқан,
Төбесін сүйді көк аспан.
Ажарын ашты елімнің,
Бейнесі сұлу жарасқан.
Гүлденіп өскен жас қалам,
Сұлулық сенен аспаған.
Егеменді елдіктің,
Бастауы болған Астанам.
Жайылды өсіп өркені,
Жадыратып өлкені.
Құлпырған менің Астанам,
Осындай аңыз ертегі.
Жақсыға жасап қос қадам,
Достықты әркез қоштаған.
Татулық туын көтеріп,
Шуағын шашқан Астанам.
Ат ізін салып баспаған,
Жат елде келе бастаған.
Жатсынбай бәрін қарсы алып,
Құшағын ашқан Астанам.
Шындықты енді көргендей,
Көздері жетіп сенгендей.
Шетелдіктер таңғалды,
Ертегі елге келгендей.
Қызығып көз тастаған,
Мойындап бәрі растаған.
Сұлу көркің әлемнің,
Аңызы болған Астанам.
Сұлулық сырын ашпаған,
Сәулеті бөлек бас қалам.
Құт дарытып еліңе,
Жасай бер мәңгі, Астанам!
Есенбек СӘТБАЕВ