Жас шекарашылар қалашығы ашылды
Елорда іргесіндегі Мичурино тұрғын үй алабында «Batyrlar» әскери-патриоттық орталығы жұмыс істейді. Бүгін орталық жанынан шекара қызметіне қызығушылық танытқан жасөспірімдер үшін шағын қалашық ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«2023 жылы қаңтар бірнеше запастағы офицерлер, генералдар біздің қоғамды аштық. Қалалық әкімдік Мичуринодағы бұрынғы мектеп ғимаратын бізге 10 жылға берді. Мен қарулы күштерге, шекарашыларға, Ұлттық ұланға хат жазып, осы ғимаратты әскери дайындық өткізуге пайдалануға беретінімізді айттық. Болашақта осы орталықта кадрлар даярлау үшін. Бүгін орталық аумағында шекарашылар қалашығын ашылып жатыр», – деді Әскери патриоттық және іздестіру қозғалысы республикалық қоғамының төрағасы Аманжол Оразбаев.
Шағын қалашық шекара қызметі құралдарымен жабдықталған. Орталыққа балаларды 7 сыныптан бастап қабылдайды және оқу-жаттығу тегін.
«Басқа қарулы күштерге, төтенше жағдайлар, Ұлттық ұлан сарбаздарына есігіміз ашық, орын бәріне жетеді. Балалар орталыққа аптасына үш рет келіп, әскери шынығу жаттығуларын өткізеді. Тағы бір айта кететін жайт, бұл жерге оқушылар мектептен тыс уақытында келеді. Біздің әскери оқытушыларымыз бар. Сонымен қатар былтыр «Арыстан» мамандандырылған орталығымен меморандумға қол қойдық, ай сайын Арыстанның жігіттері балаларға тактикалық және практикалық жаттығу өткізеді», – дейді ол.
Сондай-ақ, салтанатты іс-шара барысында оқушылар оқу-жаттығу түріндегі қойылым көрсетті. Сонымен қатар әскери-патриоттық орталықтың техникалық-материалдық базасы таныстырылды.
Фото: Агибай Аяпбергенов