Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Жаңарған депоның жұмысы оңды

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бұрын Заречный тұрғын алабында орналасқан №23 өрт сөндіру бөлімі енді Қордай көшесі, 95 мекенжайдағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Елорданың өрт қауіпсіздігіне қосар үлесі зор мекеменің тек ғимараты ғана емес, ішіндегі жабдықтары да жаңарып, жұмыс тиімділігі артып отыр.

Бөлімнің қарамағында 4 жаңа көлік бар, оның үшеуі – негізгі, біреуі – арнайы техника. Жеке құрам барлығы 50 қызметкерден тұрады, ауысымдық жұмыста олар кез келген уақытта шұғыл оқиға бола қалса, көмекке келуге сақадай сай дайын болады. Мекеменің қызмет көрсету аумағы – Алматы ауданы. Жалпы қалада өрт сөндірумен айналысатын тағы үш бөлім бар.

– Өрт сөндіру бөлімі заманауи жабдықтарға қол жеткізді. Мәселен, автоцистернаға 5 тонна су мен 300 литр көбік сыяды. Техникалық жабдықтардың ішінде 9 қабатты тұрғын үймен бірдей, яғни 32 метр биіктікке дейін жететін автосаты да бар. Бұл сатылар биікте арнайы жұмыстарды жүргізуге, сонымен қатар биік ғимараттардағы өртті сөндіруге қажет, – дейді аталған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Манас Қадырбаев.

Өрт сөндіру үшін бұлар аздық етеді, сондықтан депоның одан басқа да қосалқы құрал-саймандары жетерлік. Ұзындығы 10,7 метрлік үш иінді саты, зембілдерді жоғары көтеретін, әрі есіктерді бұзып ашатын, балконға көтерілуге арналған жабдықтар, бөрене-арқалықтар та солардың қатарында. Оған қоса автоцистерна бортында тыныс алу аппараттары бар. Бөлім қызметкерінің айтуынша, заманауи автоцистерна секундына 60 литр су шығаратын қуатты сорғыға ие. Су құйылған резервуар тез таусылатынына қарамастан бұл сорғы өртпен тиімді күресуге септік етеді.

– Жеңіл өртті сөндіруде 5 тонна су шамамен 5 минутқа жетеді, бұл өрт сөндіру гидранттарынан цистернаға жылдам су толтырып отыруды қажет етеді, – дейді бөлім өкілі.

Әңгіме барысында бөлім бас­тығының орынбасары өрттің алдын алуда профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтіп, азаматтарға бірқатар кеңес берді. Олар қарапайым болса да өте керек:

– электр құралдарын қараусыз қалдырмаңыз, розеткалар мен тоқ желісін ұзартқыштардың жарамдылығын жиі тексеріп, пайдаланбайтын болсаңыз құрылғыларды тоқ көзінен айырып қойыңыз;

– жылу жүйелерінің жағдайына жіті назар аударыңыз: жылу маусымы басталар алдында қазандықтар мен пештердің жағдайын тексеріңіз, түтін шығатын жолдарын тазалап, қолдан жасалған жылыту пештерін қолданудан аулақ болыңыз;

– балаларыңызды қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретіңіз, оларға өрт шықса не істеу керектігін, өрт сөндіргішті қалай дұрыс қолдануға болатынын үйретіп, мұндай шұғыл оқиға кезінде үрейленіп, абыржымау қажет екенін түсіндіріңіз;

– электр сымдары жүйе­сін ұдайы тексеріп, электр тізбегіне жүктеме түсуінен сақтаныңыз және бір жері бүлінген электр сымдарын қолданбаңыз;

– эвакуациялауға жоспар дайындап қойыңыз: отбасындағы барлық адамдар өрт шыға қалған жағдайда жылдам және қауіпсіз түрде үйден қалай шығып кетуді білетіндігіне көз жеткізіңіз.

Алдын алу шаралары аясында қалада мамандар аудандар тұрғындарымен жиі кездесіп, олардың үйін тексеріп тұрады, әсіресе, жылыту маусымы қарсаңында кез келген олқылықтың алдын алу үшін бұл тексеріс жиілей түседі. Сонымен қатар өрт бола қалған жағдайда өрт сөндіргішті қолдана білу және бастапқы кезде қалай әрекет ету керектігі және басқа да жайттар туралы балаларды оқыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Тағы бір жағымды жаңалық – қызметкерлер үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалғандығы. Бөлім ғимараты аумағында 11 отбасыға арналған жайлы жатақхана бар, онда жатын, демалыс бөлмесі, асханасы және дәлізі қарастырылған. Аулада тіпті балалар алаңы да салынған.

Өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасу үшін арнайы білім қажет емес. Бастысы, 18 жастан жоғары болып, медициналық комиссия тексеруін қоса алғанда конкурс­тық іріктеуден өтсе болды. Іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткен үміткерлер оқуға жіберіледі. Оқу кезінде кәсіптің негіздері үйретіліп, сосын жұмысқа кірісе беруге рұқсат етіледі. Әскери қызмет өрт сөндіру бөліміне жұмысқа тұруға талап етілмейді. Тіпті әскери борышын өтемегендер де команданың бір бөлшегі бола алады. Мектепте 9-сыныптан кейін де өз қалауымен өрт сөндіруші боламын деген жастар да жұмысқа тұра алады, бастысы, тілегі мен барлық қажетті сынақтардан өтуге қабілеті болса жеткілікті, – дейді М.Қадырбаев.

Офицерлік қызметке өту үшін жоғары техникалық білім қажет етіледі. Жас мамандар жұмысын өрт сөндіруші немесе өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі ретінде бастайды. Көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін BСС санатына сәйкес келетін көлік жүргізу куәлігіне ие болуы керек.

Екатерина ТЫЩЕНКО,

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button