ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС…

0 145

Мемлекетті әлемдік өркениет көшінің алдына шығаратын – оның мықты маман­дары. Қанша жерден бай мемлекет болсаңыз да, ел жастары сауатсыз болса, ол мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Ал, сол сауатты жастарды тәрбиелеуші – ұстаз!

Ардақтайтын елің болса, еңбегіңнің жанғаны демекші, биыл «Астана таңдауы» байқауының өткенін білеміз. Онда ең үздік мұғалім, дәрігер, по­лиция қызметкері және автобус жүргізушісі анықталды. Шараға елорда әкімдігі ұйытқы болды. Ал таңдауды қарапайым жұртшылық жасады.

«Жақсының жақсылығын айт» дейтін халықпыз. Мамандығыңның майталманы болсаң, еңбегіңді еліңе жұмсасаң, беделіңнің биіктейтіні анық. Бүгінгі біздің айтпағымыз, жиырма мыңнан астам дау­ыс жинап, үздік ұстаз атанған Мария Шоқыбасова тура­лы. Елордалықтардың пікірінше, ол – өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен майталман.

Мария Шоқыбасова – 20 жыл­дан аса ғұмырын ағарту саласына арнаған қастерлі мамандық иесі. Ұлағатты ұстаз мектепке «тары­дай болып кіретін» бастауыш сыныптың балдырғандарына білім береді. Осы уақытқа дейін ол 6 рет шәкірттерін жоғары сыныпқа шығарып салды. Әдетте, жайдары жанның ай­наласында адам көп болады. Біздің кейіпкеріміз өзін байқауға кімнің ұсынғанын да білмепті. Осы жеңіске оқушыларымның, олардың ата-аналарының дауыс беруінің арқасында жеттім дейді.

Бүгінде елордада орташа есеппен алғанда, жылына 16-17 мың нәресте дүниеге есігін ашады. Бұған қоса, жыл сайын қалаға бес мыңнан астам оқушы басқа аймақтардан келеді. Ал, сол ел ертеңі – балалардың озық ойлы, мәдениетті азамат болу­ына ықпал ететін ұстаздардың орны ерекше. Ұлттың болашағы үшін тәрбиенің маңызы зор екені белгілі. Елбасы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл қоя отырып, бұл өз кезегінде тәрбие мәселесі отбасының ғана емес, барша қоғамның міндеті екенін айқындап берген болатын. Балабақшаларда, мектептерде тек білім ғана беріп қоймай, тәрбиенің де тізгінін тең ұстауды тапсырды. Бұл ретте ұстаздарға артылып отырған жүктің салмағы қаншалықты екені айтпаса да түсінікті. Біздің кейіпкеріміз ел артқан осы міндетті абыроймен атқарып жүр.

«Өзімнің қажырлы еңбегімді келер ұрпақтың болашағына ар­наймын. Алты жасар балдырған ермексаз сияқты. Сол сазды қалыпқа келтіруде бастауыш сы­нып мұғалімдерінің еңбегі зор. Ал, еңбегінің жануы – шабытқа ша­быт қосатыны анық. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын», – дейді ұлағатты ұстаз Мария.

Мария Шоқыбасова халқының жоғары құрметіне ие болды. Келелі келешек үшін білегін сыбанған ұстаздың ұлағатты істерін елі еледі. Өз ісінің хас шебері атанған мамандардың суреттерінің арасында Мария Шоқыбасованың да суреті ілініп тұрды. Мұны көрген ұстаздың әріптестері мен шәкірттері ұстаз еңбегінің еш кетпегеніне қуанып, мақтан тұтты.

Бүгінде Мемлекет басшысы елдегі білім ошақтарының саны мен сапасының артуына барлық жағдайды жасап отыр. Мәселен, егемендік алған тұста қазақтілді балабақшалар мен мектептер өте аз болатын. Қазір олардың саны айтарлықтай көбейген. Бұл – білім саласының билік назарынан тыс қалмағандығын көрсетеді.

Таңдаулыларды марапаттау кезінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз – жылдар бойғы еңбектеріңіздің жемісі. Сіздерге қарап, соңдарыңыздан ерген, тіпті, ұжымдарыңыздағы әріптестеріңіз бой түзейді» деген болатын. Айтпағымыз, Мариядай майталманның жеңісі көптеген жас мұғалімдерге үлгі болуы тиіс. Бәйгеде ең бастысы, ұту емес, сол бәйгеге ат қосудың өзі үлкен жеңіс емес пе?! Ал, көптің ішінде аттың озып келуі – зор жеңіс! Бұл тұрғыда Мария Шоқыбасова жеңімпаз деп мақтауға да, оқушылары мен әріптестерінің арасында «біздің ұстаз осындай» деп мақтануға да лайықты маман.

Тәуелсіз Қазақстанның болашақ азаматтары, қазіргі кішкентай бүлдіршіндердің жақсы тәрбие мен білім алуы – ел ертеңі үшін маңызды мәселе. Ал, сол елдің тұтқасы рухани тәрбиеден бастау алып, біліммен қаруланған, денсаулығы мықты ұрпақтың қолында болса, келешек кемел болары анық.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 14 =