Басты ақпаратМәселе

Қоқыс көп, өңдеуі аз

Кейінгі жылдары елімізде қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Соның бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Оның аясында қалаларда сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар тазартылып, аулалар абаттандырылуда. Бұл бастаманың нәтижесін ел тұрғындары күнделікті өмірде көріп те жүр. Алайда акцияның игілігі барлық өңірге бірдей жетті деуге әлі ерте.

Әсіресе ауылдық жерлердегі ахуал ойлантады. Көптеген елді мекендерде тұрмыстық қалдықтар әлі күнге дейін ауыл шетіне немесе далаға төгіледі. Арнайы полигондардың талап­қа сай болмауы, қоқыс сұрыптау жүйесінің жоқтығы және бақылаудың әлсіздігі мәселені күрделендіріп отыр. Жел тұрған күні ауыл маңындағы үйінділерден ұшқан полиэтилен пакеттері мен пластик қалдықтар айналадағы алқаптарды ластап, табиғаттың сәнін кетіреді. Бүгінде Қазақстанда ресми тіркелген үш мыңға жуық тұрмыстық қалдық полигоны бар, бірақ соның 60-тан астамы ғана (20,4 пайызы) санитарлық-экология­лық талаптарға сай, қалған 80 пайызы нормаға сәйкес емес жағдайда тұр. Кейбір аймақтарда жағдай өте күрделі.

Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтардың өте аз бөлігі ғана сұрыпталып, қайта өңдеу­ге жіберіледі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 26 пайыз шамасында болды (әр төрт тонна қоқыс­тың үш тоннасы қайта өңдеу тұрмақ, сұрыпталмаған күйі қалуда), 2030 жылы бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізу межесі тұрса да, іс жүзінде оны орындау қарқыны тым бәсең болып отыр.

Мәселені шешу үшін, ең әуе­лі, ауылдық жерлердегі қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту қажет. Әр елді мекенде талапқа сай қоқыс полигоны болуы тиіс. Танымал демалыс орындары мен көл жағалауларына санитарлық тораптар орнатылып, қоқыс контейнерлері жеткілікті көлемде қойылып, тұрақты тазалануы қажет. Сонымен бірге экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілгені жөн.

«Таза Қазақстан» тек қала көшелерін тазалаумен шектелмеуі керек. Оның басты мақсаты – еліміздің әрбір ауылы мен әрбір табиғи аймағын таза ұстау мәдениетін қалыптастыру. Қала да, дала да, көл жағасы да – бәрі біздің ортақ үйіміз. Табиғатты қорғау әркімнің өзінен басталғанда ғана Қазақстан шын мәнінде таза елге айналады.

Жаз мезгілі басталып, халық табиғат аясына, көл жағасына жиі шығатын кезең де келді. Бірақ демалыс орындарының көбінде қарапайым санитарлық жағдай жасалмаған. Көптеген көлдер мен өзен жағалауларында ағаштан жасалған қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, олар уақытында тазаланбайды. Соның салдарынан қалдықтар жан-жағына шашылып, жағалау­ды лас­тайды. Бұл жағдайдың тағы бір қыры бар. Табиғат аясында демалған азаматтардың біразы қалдықтарын жинамай кетеді. Нәтижесінде көл жағалаулары мен орман-тоғайлар біртіндеп бейберекет қоқыс алаңына айналып барады. Сондықтан экологиялық мәдениет тек мемлекет пен әкімдіктің міндеті емес, әр азаматтың жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауымыз керек. Табиғат жанашырлары арасында өздері шығарған қоқысты арнайы пакеттерге жинап, кері қайтар жолда қаладағы немесе ауылдағы қоқыс контейнерлеріне әкеп тастайтындары да көп. Бұл – өзгеге үлгі болатын жауап­ты әрекет. Өйткені табиғатқа тасталған бір бөтелке немесе пакет ондаған жылдар бойы жойылмай, қоршаған ортаға зиянын тигізетінін әлдеқашан дәлелденген ақиқат.

Қазір елімізде ғана емес, тұтас әлемде қоқысты қайта өңдеу мен сұрыптау экология­лық саясаттың маңызды түйі­ніне айналып отыр. Өйткені тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылдан-жылға артып, қоршаған ортаға түсетін салмақ та барған сайын күшейіп келеді. Сондықтан дамыған мемлекеттер қоқысты полигондарға көме беруден гөрі, оны қайта өңдеп, екінші шикізат ретінде пайдалануға басымдық беруде. Бұл бір жағынан табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан экология­ға келетін зиянды азайтады. Қазақстан да бұл бағыттарға басымдық бергенімен, қалдықтарды басқару жүйесінде шешімін таппаған мәселелер аз емес. Әсіресе қоқысты бастапқы кезеңде сұрыптау мәдениетінің толық қалыптаспауы, қайта өңдеу кәсіпорындарының жеткіліксіздігі және үлкен қалалардан басқа өңірлерде қоқыс өңдеу зауыттарының жоқтығы, сондай-ақ елді мекендердегі заңсыз қоқыс орындарының әлі күнге дейін жойылмауы саладағы жағдайды күрделендіріп отырғаны жасырын емес.

Қазір елорданың өзінде «Astana Recycling Plant» ЖШС деген қоқыс өңдейтін жалғыз зауыт ғана бар. Оған тек Астананың қоқысы ғана емес, қала іргесінде Қосшы, Қоянды сияқты қала, ауылдардың да қоқысы жеткізіледі. Соның салдарынан бұл зауыт өз өңдеу мүмкіндігінен екі есе артық жұмыс істеп тұр. Онда қалдықтар сұрыптаудан өткеннен кейін қоқыс полигонына тасымалданады. Қалада бір ғана рұқсат етілген қоқыс полигоны бар, ол 2 ұяшықтан тұрады. Бірінші ұяшық консервацияланған, ал екінші ұяшық 2018 жылдан бері пайдаланылып келеді және 2,2 млн тонна ТҚҚ-мен толтырылған. Ендігі мәселе қатты қалдықтарды қалай бір жайлы етеміз деген түйінге келіп тіреліп тұрған. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі жуырда бастау алды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи экопарк салынбақ. Жылына 550 мың тоннаға дейін қоқыс өңдеуге қауқарлы кешен қалдықтарды көму көлемін азайтып қана қоймай, оларды энергия көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Мамандардың есебінше, зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын жүздеген миллион киловатт-сағат электр энергиясы өндіріліп, оның басым бөлігі қаланың энергетикалық жүйе­сіне жіберіледі. Бұл жоба – қалдықтарды тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық жүктемені төмендетуге және «жасыл экономика» қағидаттарын орнықтыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Қорыта айтқанда, қоқыс мәселесін шешудің бір ғана жолы жоқ. Қалдықтарды қайта өңдеу де, энергия өндіру мақсатында кәдеге жарату да – заманауи әлемде қатар қолданылып келе жатқан тәсілдер. Алайда олардың қай-қайсысы да қоқысты сұрыптау мәдениетінсіз толық нәтиже бере алмайды. Сондықтан мәселе қоқысты өртеу ме, әлде сұрыптау ма деген таңдауда емес, қалдықтарды басқарудың тұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыруда жатыр. Ол үшін мемлекет инфрақұрылымды дамытып, өңдеу кәсіпорындарын көбейтсе, әрбір азамат қоқысты жауапкершілікпен жинап, табиғатқа жанашырлық танытуы қажет. Сонда ғана «Таза Қазақстан» бір реттік акция емес, қоғамның өмір салтына айналып, еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен келер ұрпақтың жарқын болашағына қызмет ететін болады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button