Тасқа таңбаланған тарих

Елордадағы Ұлттық музейде «Таңбалы: Бабалар коды» атты ерекше көрме ашылды. Көрменің басты ерекшелігі – ежелгі петроглифтерді заманауи технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстыруында. Мұнда жартас суреттерінің фотокөшірмелері, петроглифтер негізінде жасалған көркем туындылар, мультимедиялық инсталляциялар мен жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнелер ұсынылған.
Шын мәнінде, Таңбалы археологиялық ескерткіш ғана емес. Ол – мыңдаған жыл бұрынғы бабаларымыздың дүниетанымын, сенімін, тұрмысын және қоршаған ортаға көзқарасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп тұрған үнсіз шежіре екені анық. Қағаз бен жазу кең таралмаған кезеңде адамдар өздерінің өмірі мен түсінігін тасқа қашап қалдырды. Сондықтан Таңбалыдағы әрбір сурет – өткен дәуірдің бізге жеткен хаты іспетті.
«Таңбалы – қазақтың тарихы мен мәдениетін танытатын аса маңызды орындардың бірі. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қатар Қазақстаннан алғашқылардың бірі болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. 1957 жылы ашылған бұл ескерткіштің қадір-қасиеті жыл өткен сайын артып келеді, себебі оның ашылмаған сыры өте көп. Күн басты антропоморфты фигураларды Таңбалының ең маңызды белгісі деуге болады. Ғалымдар арасында олардың нақты мәні туралы ортақ пікір жоқ. Меніңше, бұл жазбаларда қола дәуіріндегі діни рәсімдерге қатысқан абыздар немесе бақсылар бейнеленген. Бұл сол дәуірдегі күнге, аспан денелеріне табыну түсінігімен байланысты болуы мүмкін» дейді тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев.
Көрмені аралау барысында ежелгі адамдардың табиғатпен үйлесімді өмір сүргенін, күнге, аспан денелеріне ерекше мән бергенін аңғаруға болады. Әсіресе Таңбалының басты символына айналған күн басты антропоморфты бейнелер келушілердің назарын ерекше аударады. Бұл бейнелердің нақты мәні әлі күнге дейін толық шешілмегенімен, олардың қола дәуіріндегі рухани түсініктермен байланысты екені анық байқалады.
Көрме мазмұны мемлекеттік рәміздер күнімен де үндесіп жатыр. Өйткені қазіргі ұлттық рәміздерімізде кездесетін көптеген бейнелер мен ою-өрнектердің бастауы ежелгі петроглифтерден тарайды. Жартастарда бейнеленген бүркіттер, арқарлар, тау ешкілері мен түрлі таңбалар кейін халқымыздың мәдени болмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінгі қазақтың ою-өрнегінде кездесетін көптеген элементтердің тамыры да осы көне мұраларда жатыр.
ЮНЕСКО сарапшысы, тарихшы Виктор Новоженовтың айтуынша, Қазақстанды әлем ғалымдары «петроглифтер елі» деп атайды. Оның сөзінше, елімізде 250-ден астам ірі жартас ескерткіші бар және бұл Қазақстанның әлемдік мәдениеттегі ерекше орнын көрсетеді. Шын мәнінде, Таңбалы – өткеннің сарқыншағы емес, бүгінгі ұрпақпен тілдесіп тұрған рухани мұра. Осындай көрмелер арқылы біз бабалар қалдырған құндылықтарды жаңаша танып, тарихи санамызды тереңдете түсеміз. Тасқа қашалған әрбір таңба – ұлт жадының бөлшегі. Ал сол жадыны сақтау мен насихаттау – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі.
Шапағат ӘБДІР



