Теміржол цистернасынан күкірт қышқылы төгілген
Астана станциясында күкірт қышқылы төгілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2024 жылғы 10 қыркүйекте Астана станциясының станциялық диспетчерінен жүк пойызының теміржол цистернасынан күкірт қышқылының төгілгені туралы ақпарат түскенін хабарлайды.
Челябинск қаласынан Жаңатас қаласын бағыт алған жүк тасымалдаушы цистерналар Астана қаласындағы Астана станциясының пред-горочный паркінің 2-ші жолында тоқтаған кезде, теміржол қызметкерлері тексеру жүргізу барысында цистернада жарық пайда болып, күкірт қышқылының төгілгенін анықтады.
Департаменттің және Астана қаласындағы «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының мамандары оқиға орнына шұғыл түрде келіп, күкірт қышқылының төгілу фактісіне байланысты атмосфералық ауа сынамаларын алды. Зерттеу нәтижелері бойынша, ауадағы зиянды заттардың деңгейі шекті рұқсат етілген мөлшерден аспағаны анықталды.
Қазіргі уақытта күкірт қышқылының ағуы тоқтатылды, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», — делінген хабарламада.
Күкірт қышқылының қауіптілігі туралы:
Күкірт қышқылы – химиялық тұрғыдан өте белсенді және қауіпті заттардың бірі. Ол теріге, шырышты қабаттарға және тыныс алу жүйесіне қатты тітіркендіру әсерін тигізуі мүмкін. Күкірт қышқылының булары мен аэрозольдерімен ұзақ уақыт байланыс болған жағдайда:
- Жүйке жүйесіне зиян келуі мүмкін;
- Өкпенің ісінуі және тыныс алу жолдарының күйіп қалуы мүмкін;
- Көздің зақымдалуы, соның ішінде көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін;
- Терінің химиялық күйіктері пайда болады.
Сондықтан күкірт қышқылына тап болған жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтап, зардап шеккен аймақтарды дереу суық сумен шаю қажет.