Басты ақпаратСұхбат

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ: Ұлттың тілі – ұлттың жаны

Мемлекет және қоғам қайраткері, тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ 60 жасқа толды. Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеуде, әсіресе, тіл ғылымы саласында жемісті еңбек еткен ғалымды асқаралы 60 жасымен құттықтап, сыр сұхбатқа шақырдық.

Бағымды ашқан үш өлең

– Құрметті Шерубай Құрманбайұлы, ең әуелі, мерей­тойыңыз құтты болсын! 60 жасқа алқынбай, том-том кітаптарды, көптеген ғылыми еңбектерді арқалап жетудің өзі үлкен бақыт қой. Алпысты қалай атап өткелі жатырсыз?

– Рақмет! Бақытты әркім әртүрлі түсінеді ғой, ал мен отбасым аман, денім сау, өзімнің таңдаған кәсібіммен айналысып жүрудің өзі бақыт шығар деп ойлаймын. 1991 жылдан бері тіл білімі саласында еңбек етіп келемін, жазған-сызғанымыз жұрттың керегіне жарап, қазақ тілінің өркендеуіне теңізге тамған тамшыдай болса да пайдасын тигізіп жатса, біздің ғылымдағы мақсатымыздың орындалғаны. 60 деген тойлаудан гөрі, көбірек ойлайтын, ойланатын жас-ау. Бұл белес – мен үшін ғылыми қауымға, елге есеп беретін кезең. 50 жасымда соған дейін қандай еңбектер жазғанымды, не істегенімді айтып, ел алдында есеп бергенмін. Одан бері де 10 жыл өтті. Осы уақыт аралығынан қысқаша есеп беремін. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада осы соңғы жылдары шыққан кітаптарымның таныстырылымы өтеді. 90-жылдардың басынан бастап тілімізде пайда болып жатқан жаңа атауларды жинап келемін. Соларды жүйелеп, соңғы 30 жыл ішінде жасалған жаңа атаулар мен қолданыс­тардың сөздігін шығардым. Алаш мұрасын зерттеу – менің ғылыми ізденісімнің бір бағыты. Осы бағытта Әлихан Бөкей­ханұлының тілдік мұрасын зерттеп, «Алаш көсемі және ұлт тілі» деген монография жарияланып жатыр. Шәкіртім М.Әділовпен бірлесіп жүргізген зерттеу негізінде «Абай тіліндегі көне атаулар мен сирек қолданыстар» деген монографиямызды аяқтадық. «Алаш терминологиясы» еңбегін түрік тілі құрымы түрік тіліне аударып, Анкарада басып шығарды. Осы еңбектер таныстырылады. Алдағы уақытта түркі терминологиясының ортақ сипатын арттыру бағытында біраз жұмыс атқарсақ деген ой бар. Түркі текті халықтар ғылым тілін, терминологиясын дамытуда ортақ ұстанымды басшылыққа алғаны жөн. Өйткені біз терминжасам мен терминалмасым кезінде бір-біріміздің тәжірибемізді ескермей, әрқайсымыз өз бетімізше әрекет ете берсек, тағы бір 50-60 жылда термин әркелкілігінен сала мамандары бір-бірін түсіне алмайтын деңгейге жетуі мүмкін. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе.

– Сіз Нарынқолдың тумасысыз. Бұл өңір – қазақтың Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев сынды марқасқа мықтылары туған жер. Өмір жолыңызға туған жердің ықпалы болды ма?

– Бала кезімізде кәсіпке бағдарлауға, мамандық таңдауға көп көңіл бөлінді дей алмаймын. Бала күнімізде әр нәрсеге қызықтық. Мектепте биология­ға да көңіл ауды, спортқа да әуес болдым, математикаға да біршама бейімім болды. Бірақ мен филфакты таңдадым. Тіл-­әдебиетті таңдауыма, сұлу сөзге құмартуымызға туған жердің көркем табиғаты, ауылымыздан шыққан Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев сынды бар қазаққа белгілі ақын-жазушылардың ел ішіндегі абырой-
беделі мен шығармашылығы сөзсіз ықпал еті. Ол кезде ел ішінде қаламгерге деген құрмет ерекше еді ғой. Жұрттан жасырып өлең жаздық. Оны ешкімге көрсетпей, жақын достарға ғана оқытушы едік. Менің де өлең жазған қалың дәптерім болды. Сол дәптерімді әдебиет пәнінің мұғаліміне кім бергенін білмеймін, мектептің акт залында өткен Мұқағалидың 50 жылдық мерейтойына қабырға газетке әлгі дәптердегі үш өлеңімді шығарып, суретімді қоса іліп қойыпты. Таңғалдым, өз көзіме өзім сенбей қайта-қайта қараймын. «Елден ұят болды-ау» деп, «мені танымай қалсын» деген есеппен шағын суретімді газеттен жұлып алып, қалтама салып қойдым. Оқушылар шығармашылығы бойынша өткен байқау нәтижесін шығарып, кеш соңында жүлдегер ретінде сыйлық берді. Жаздың бір күні көршіміздің Тоқан деген баласы «өлеңің газетке шығыпты» деп сүйіншілеп жетті. Қарасам, қолындағы «Қазақстан пионері» газетіне «Туған жер», «Ақын деген кім?», «Шалкөдем менің» деген үш өлеңім басылыпты. Осы үш өлеңім шыққаннан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған хаттар келді, ол кезде сондай үрдіс бар еді ғой. Тіпті Ресейдің Алтай өлкесінен орысша жазылған хаттарды да алдым. Осы сияқты себептер менің филологияны таңдауыма әсер еткен сияқты.

Мәселе тілде емес, санада

– Терминология саласында жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардың бірісіз. «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты», «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары» сынды еңбектер, оқулықтар жаздыңыз. Қазіргі терминологиямыздың жай-күйі қалай?

– Ғылым тілінің өзегі – термин. Бізде қазір ғылым тілі қай тіл? Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбектің заманында ғылымның тілі қазақ тілі болып қалыптаса бастады. «Әліппені», «Тіл-құрал» мен «Әдебиет танытқышты» – Ахмет Байтұрсынұлы, «Астрономия әліпбиін» – Әлихан Бөкейхан, «Психологияны» – Жүсіпбек Аймауытов, «Пішіндемені» (геометрия) – Елдес Омарұлы, «Есептану құралын» – Сұлтанбек Қожанұлы, «Өсімдіктануды» – Жұмақан Күдерин, «Химия­ны» – Қошке Кемеңгерұлы, «Алгебраны» Қаныш Сәтбаев қазақша жазды немесе аударды. Олардың аудармаларының өзі қазақша жазғанмен бірдей еді. Олар ғылымға керек сөзді қазақ тілінен тапты, жоғын сырттан алып, қазақ тілінің заңдылығына бағындырды. Олардың еңбектерінде шет тілінен енген сөз өте аз болды. Міне, осы кезеңде қазақ тілін жетік меңгерген мамандар барлық ғылыми, оқулық әдебиеттерін қазақ тілінде жазып, қазақ тілін ғылымның барлық саласында еркін қолданды. Ұлттық ғылым тілінің негізін қалады. 30-жылдардан кейін маман дайындайтын жоғары оқу орындарының көбі орыс тіліне көшті. Ол кезде қазақтілді сала мамандары даярланбады, оқулықтар, ғылыми еңбектер қазақша жазылмады. Соның салдарынан орысша оқыған білікті мамандар қалыптас­қанмен, олар қазақша кітап жазбайтын, қазақша дәріс оқымайтын, қазақ тілінде термин жасай алмайтын болды да, қазақ тілі ғылым тілі ретінде өз жалғасын таппай қалды. Біз осы кезеңнен бастап терминді сырттан алатын, өзіміз жасамайтын, термин импорттайтын халыққа айналдық. Терминнің қалыптасып, өркендеуі әр салада жұмыс істейтін мамандардың тілді пайдалануына тікелей тәуелді. Ұлттың тілінде термин қалыптасу үшін ғылымның әр саласында қазақ тілін жетік меңгерген мамандар қызмет етуі керек. Терминді тілші, әдебиетшілер емес, сол саланың мамандары жасайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін жаратылыстану саласында қазақ тілінің уызына жарып өскен мамандар өте сиреп кеткендіктен, қазақтың ғылым тілі үлкен тоқырауға ұшырады. Ғылым тілі тоқыраса, ғылыми термин де қалыптаспайды. Қазір осы ғылым тілінің мәселесін қайта-қайта көтеріп айтып жатырмыз. Өткен жылы Түркістанда ғылым тіліне арналған үлкен конгресс өтті. Осы алқалы жиында қазақ тілі ғылым тіліне айналып, оның ғылыми терминдері қалыптасуы үшін жоспарлы түрде қазақтілді ғылыми кадрларды даярлау мәселесін көтердік. Бізге бұл бағытта әлі көп жұмыс атқаруға тура келеді.

– Бірақ «Қазақ тілі ғылым тілі болуға қауқарлы тіл емес» деген пікір де айтылып жүр ғой.

– Бұл бос сөз! Осы саланы арнайы зерттеп, үлкен еңбектер жазған Леонардо Ольшки деген атақты неміс ғалымы кез келген шағын ұлттың тілінде ғылымды сөйлетуге болатынын дәлелдей отырып, тек ғылымды өз тілінде сөйлете алмайтын ұлт зиялылары болатынын айтады. Қазақ тілінің ғылым тілі болуға қауқары жетпей тұрған жоқ, оны толық іске қосып, сөйлете алмай жүрген өзіміз. Әлемде мемлекеттік мәртебесі бар 200 тіл болса, соның бірі – қазақ тілі. Тіліміздің әлемдегі ең бай, шұрайлы, орамды тілдердің бірі екенін жиі айтамыз. Ендеше неге сондай тілді ғылымның барлық саласында еркін қолданбай отырмыз? Шынында, ғылым тілі болуға қазақ тілінің мүмкіндігі толық жетеді, мәселе тілде емес, тілді пайдалана алмай отырған, толық іске қосуға жарамай отырған өзімізде, ұлт зиялыларының, ғалымдардың, сала мамандарының санасында. Өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін Ахмет Байтұрсынұлы басқарған академиялық орталық, «Термин кемесиясы» (ол кезде осылай аталды) қазақтың ғылым тіліне үлкен олжа салып, бірнеше саланың терминдерін қазақ тілінде жасап, қалыптас­тырып, оқулықтарға енгізіп кетті. 1924 жылы сол кездегі еліміздің астанасы – Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» терминология­ны дамытудың «қазақ тіліндегі терминдерді ұлттың өз тілінде жасау», «өз тілімізде болмаса, туыстас түркі тектілер тілдерінен алу», «әлемге кең тараған тілдердің сөзін тілімізге икемдеп алу» сынды үш үлкен ғылыми қағидатты белгілеген болатын. 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезде Ахмет Байтұрсынұлы осы қағидаттарды бүкіл түркі жұртына ұсынып, «біз осы жолды таңдадық, түркі жұрты осы бағытты ұстансаңдар – қателеспейсіңдер» деп баяндама жасады. Бұл ұсыныс съезде мақұлданған еді. 30-жылдардан кейін Ахаң бастаған ұлт зиялылары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, олардың жолы «ұлтшылдардың жолы, пантүркис­тердің жолы» деп қараланып, бұл бағытты күшпен өзгертті. Терминді ұлт тілінде жасау емес, Кеңес Одағының ең ықпалды, ең дамыған тілі – орыс тілінен алу керек, жазу-сызуы кенже қалған ұлттарға орыс тілі үлгі болуы керек. Халықаралық терминдерді аударуға болмайды деген қағиданы белгіледі. 70 жыл бойы біз осы сызып берген сызықпен жүрдік. Ахметтер салған Алаштың асыл жолын жалғап кете алмадық. Бакудегі жиынға қатысқан одақтық түркологтардың бәрі қуғын-сүргін құрбаны болды, тек Түркиядан келгендер ғана тірі қалды. Өткен ХХ ғасыр басында-ақ бүкіл түркі жұртына терминді қалай жасау керек екенін көрсеткен қазақтың өзі термин шығармашылығынан шеттеп, жүген ұстап қалған күйге түсті. Көңілге медеу болатыны тәуелсіздік алғаннан кейін қуғын-сүргін құрбандары ақталып, олардың еңбектері қазір қолданып жүрген кирилл қарпіне түсіріліп, Алаш арыстарының еңбектері қайта ғылыми айналымға түсті. Олар жасаған әдіс, әдістеме, ұйым, хаттама, ұлпа, үрдіс, салым сынды ондаған термин тілімізге қайта қосылып, терминқорымызды байытты.

Рухы екіге жарылған халықпыз

 – Алаш қайраткерлерінің өміріне үңіліп, олардың шы­ғармаларын да зерттеп жүрсіз. Біз неге Алаш идея­сын мемлекеттік идеяға айналдыра алмай отырмыз?

– Алаш идеясы біз үшін ең қымбат, қазақ ұлтының мүдде­сін көздеген алға басар идея екенінде талас жоқ. Оның көсемі Әлихан Бөкейхан да, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын да, басқа Алаш қайраткерлері де қазақты өзге жұрттармен терезесі тең, білім-ғылымы өркендеген жұрттардың қатарына қосамыз деп басын бәйгеге тігіп, аянбай еңбек етті. Аз уақыттың ішінде сол үркердей топ қы­руар жұмыс бітірді, оқулықтар жазды, театрлар ашты, газет шығарып, қазақ баспасөзін қалыптастырды. Қазақ даласын оятты, алға бастады. Алайда олардың ұстанымдары «бір тілде сөйлейтін совет халқын қалыптастыруды» басты мақсат еткен Кеңес Одағының саясатымен кереғар болды да, Алаш идеясын қалыптастыруға атсалысқан адамдардың бәрі саяси қуғынға ұшырады. Өткен 70 жылда Алаш идеясын алға ұстауға мүмкіндік берілмеді, сабақтастық үзіліп қалды. Тәуел­сіздік алғаннан кейін советтік тәрбиенің тезінен өткен көптеген зиялы Алаш жолына бірден түсіп кете алмады. Өйткені санамыз да, ойлау жүйеміз де үлкен өзгеріске ұшыраған еді. Дегенмен Алаш кезеңін зерттеп, олардың шығармаларымен сусындаған еркін ойлы жастар өсіп келеді. Ендігі үміт соларда. Арнасынан шығып кеткен асау өзен де 100 жылда бір өз ағынын қайта табатыны сияқты, Алаш идеясы түбінде біз басты бағдар ететін шамшырағымызға айналады деп сенемін.

– Аңсары әлемдік үрдіске ауған жастар Алаш идеясын ту етіп, тамырын қайта таба қояр ма екен?

– Өткен ғасырдың басында қазақ біртұтас ұлт еді, қазақша білмейтін зиялы жоқ еді, ал қазір ұлттық атауымыз бір болғанмен, тіліміз де, діліміз де екіге жарылып, үніміз бір жерден шықпайтын қостілді ұлтқа айналдық. Сондықтан Алаш идеясын жан-жақты насихаттау, оны ұрпақ санасына сіңіру, Алаш рухын жалғастыратын ұрпақ өсіру бізге ауадай қажет. Қазір басқа мәдениеттердің ықпалына ұшыраған өтпелі кезеңде тұрмыз. Шетел тілін үйрену – әлемдік үрдіс, бірақ сол тілдің ықпалында, басқа мәдениеттің жетегінде кетіп, өз тілімізді ұмытып, ұлттық болмыстан ажырап қалсақ, ол ұлттың өсуіне емес, өшуіне алып барады. Гарвард университетінің профессоры Стивен Пинкердің «Мен бір мемлекетке барғанда сол ұлттың, мемлекеттік тілінің болашағы бар немесе жоқ екенін көшесіндегі жастардың қай тілде сөйлеп жүргенінен-ақ аңғарамын» деген әйгілі сөзі бар. Бұл – оның әлемдегі көптеген тілді салыстырып зерттегеннен кейін келген қорытындысы. Егер біз жас ұрпақты отбасында, балабақшада, бастауыш, орта мектепте қазақ тілінде оқытып, ұлт тілінің уызына жарытпасақ, қазақша тәрбиелеп өсірмесек, онда қазақты сақтап қалатын, ғылымын қазақша сөйлететін, тілін түлететін, елге тұтқа болатын тұлғалар да қалыптаспайды. Өйткені ұлттың тілі – ұлттың жаны!

– «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» латын әліпбиіне көшу мәселесі кеңінен талқыланған тақырыптардың бірі болды. Сол жиында шешім тапқан нәрсемен тіл ғалымдары неге 100 жыл бойы жағаласып, бір жағына шығара алмай келеді? Латынның жыры не болды өзі?

– Мен ерте ме, кеш пе латын тіліне көшуіміз керек дегенді қуаттайтын мамандардың бірімін. Бірақ саяси жағдай оған қазір мүмкіндік бермей тұрғаны да жасырын емес. «Ерін айтпағанды емеурін айтады» дегендей, тұтас түркі жұртының ортақ жазуға көшіп, бірлігін бекемдеуге мүдделі еместер де, түркілердің бірлігінен шошып оянатындар да бар екенін саналы оқырман біледі. Демек латынға көшуімізге іште де, сыртта да кедергі жасап отырғандар жоқ емес, әйтпесе 25-30 жылда латынға көшуге мүмкіндік бар еді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл жерде жазу, әліпби таза бір тілдің ғана емес, саясаттың құралы болғандықтан шешімі қиындап тұр.

«Сөзтүзер» сөзді түзеді ме?

– «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігін» шығарып, журналистердің қате қолданып жүрген біраз сөзін тізіп беру ісіне атсалыстыңыз. Қазір қалай, тіліміз түзелді ме? Керісінше күзелді ме?

– Бұл сөздіктің шығуына БАҚ-тағы сөз қолдану мәде­ниетінің төмендеуі, теле-радио журналистерінің тілі жұтаң­данып, қалыптасқан нормаларды сақтамауы себеп болды. Ұлт тілінің дамуында БАҚ-тың алатын орны айрықша. Қалам ұстаған қауым, зиялылар БАҚ-тың тілі шұбарланып барады деп дабыл қақты. Біз де «БАҚ және сөз мәдениеті» деген кітап жаздық. 2019 жылы Президент Әкімшілігі БАҚ саласының мамандары пайдаланатын құрал дайындаңыздар деген ұсыныс айтты. Біз жетекшілік етіп, білікті мамандармен бірлесіп «Сөзтүзер» сөздігін қысқа мерзімде жарияладық. Ол үлкен сұранысқа ие кітап болды. Бірақ біздің жазғанымыздан БАҚ-тың тілі біржолата түзеліп кетті дей алмаймын. «Кіруге болады ма?», «қуанышымен бөлісті», «Үкіметпен мақұлданған», «гүлдер», «20 кітаптар» секілді қателер әлі өріп жүр. Орыс тілінің үлгісімен құрылған сөйлемдерден де аяқ алып жүре алмайсыз. Орыс тіліндегі род бойынша «азаматша» деген секілді сөздерді ұдайы қолданатын тілшілер де бар. Әсіресе сөйлемді орыс тілінің үлгісімен жазу – барлық салада бар жайт.

Сұхбаттасқан

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button