Қос театрдың жаңа маусымы
Елорда театрлары жазғы демалыстан соң көрермендерімен қайта қауышып жатыр. 11 қыркүйекте Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры жаңа ХVІII театр маусымын Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен ашса, сол күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жаңа XXXIV маусымды М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен бастады.
Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың «Жастар» театры сахнасында жандану әдісі де, қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен тартады.
«Жастар» театрында жаңа маусымның ашылуынан кейін іле-шала премьера ұсынылып, театрдың инклюзивті бөлімі – «Қанаттылар» театры Б.Мұқайдың «Алло, бұл кім?» лирикалық комедиясын қойды. Қоюшы режиссері – Марина Тәңірберген.
23-25 қыркүйек күндері Павлодар қаласында Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театрлар фестивалі өтеді. Оған «Жастар» театры Ж.Әлікеннің «Күйеу бала» драмасымен (қоюшы режиссері – Дәурен Серғазин) қатысады.
Қаллеки театрының «Абай» трагедиясының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Аға Абай рөлін Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы өркендеп, ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар сахнада М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанмен, бүгінгі көрермен үшін де көкейтестілігін жоғалтқан жоқ.
Бұған қоса, театрдың қыркүйек айындағы репертуарына М.Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Д.Рамазанның «Жошы хан», С.Тұрғынбекұлының «Шәмші», Ж.Шайхисламұлы, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Г.Бюхнердің «Войцек», О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым», Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!», Э.Филиппоның «Әйел құпиясы», А.Дударевтің «Кеш» спектакльдері мен халық аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестрдің концерттері еніп отыр.
Осы айда М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы (режиссері – Гүлсина Мирғалиева) Ақтау қаласында өтетін ІІI халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестиваліне, Qalleki театр лабораториясының «Войцек» драмасы (режиссері – Ұ.Қабыл) Павлодар қаласында өтетін Ж.Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестиваліне қатысады.
Жаңа маусымның жаңалықтары – қазан айында көрермен назарына театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың сахналауымен «Фигароның үйленуі» (авторы – П.Бомарше) спектаклінің, желтоқсан айында Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» (режиссері – Ф.Молдағали) қойылымының премьералары ұсынылады.