Көкжөтел – қауіпті ауру
Бүгінде үлкендер мен балалар арасында тоқтаусыз жөтел көбейіп кетті. Қазақта «көкжөтел» деп кеткен ауру әсіресе кешкі уақытта қозады. Ол қандай ауру? Негізгі белгілері мен қаупі қандай? Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна ПРАЛИЕВА айтып берді.
– Жанна Қыдырбайқызы, күз – тыныс алу ауруларының өршитін кезеңі. Жалпы елордадағы ахуал туралы қысқаша айтып берсеңіз.
– COVID-19 эпидемиясынан кейін барлық вакцинамен басқарылатын инфекциялардың иммундық қабаты ұлғайды. Мәселен, вакцина алмағандардың үлесі 2019 жылы – 10%, 2020 жылы – 46,4%, 2021 жылы – 24,4%, 2022 жылы – 18,5%, 2023 жылы – 16,6%, ал 2024 жылдың 8 айында 29,6%-ды құрады. Нәтижесінде біз қызылша эпидемиясына тап болып қана қоймай, кішкентай балаларда көкжөтелдің көп жағдайын тіркей бастадық. Бұл сан 100 мың тұрғынға шаққанда 43 жағдайға жетті, ал бұрын ол 100 мың тұрғынға шаққанда үшеуден аспайтын.
Жыл басынан бері 8 айдың ішінде көкжөтелдің 617 жағдайы тіркелді, 2023 жылдың ұқсас кезеңінде 2,0 көрсеткішімен 28 жағдай. Оның ішінде вакцина алмаған балалар арасында – 86%. Көкжөтелмен ауыратындардың көбею себебі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуі. Мәселен, ауырған балалардың 91%-ы (562) көкжөтелге қарсы екпе алмаған (себептері: егу жасына жетпеу, вакцинациядан бас тарту, медициналық қарсы көрсетілім бойынша), 4%-ы (28) вакцинация мәртебесі белгісіз, қалған науқастар – толық емес вакцинация мәртебесін алғандар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды иммундаудың арқасында көкжөтелмен сырқаттану төмендеу үрдісіне ие. Сондықтан балаларға жоспарлы екпелерді уақытында алған дұрыс.
– Жалпы көкжөтел қандай ауру?
– Көкжөтел (коклюш) – тыныс алу жүйесінің қауіпті жұқпалы ауруы. Ол әсіресе булықпа жөтелдің пайда болуымен білінеді. Ауру науқас адаммен тығыз байланыста болған кезде ауа тамшылары арқылы жұғады. Науқас алғашқы күндерінен бастап және ауырып қалғаннан кейін 30 тәулік бойы инфекцияны таратуға қабілетті. Науқаспен байланыста болған кезде екпе алмаған адамның жұқтыру ықтималдығы 90%-ды құрайды. Ал 2 жасқа дейінгі балалар үшін өте қауіпті. Көкжөтел бактериясы тыныс алу жолдарының шырышты қабығын тітіркендіретін арнайы токсиндерді шығарады. Салдарынан диафрагма мен бронх бұлшық еттерінің спазмы дамиды және булықпа жөтел деп аталады. Жалпы көкжөтел мектеп жасына дейінгі балаларда жиі пайда болады, алайда онымен ересектер де ауыруы мүмкін. Бұл ауру әсіресе нәрестелер үшін қауіпті.
– Негізгі белгілері қандай?
– Жасырын кезең 14 күнге дейін созылады, бірақ көбіне 5-7 күн аралығы. Әрі қарай әлсіздік, аздап жөтел, мұрынның ағуы, төмен температурамен сипатталады. Бірте-бірте жөтел күшейеді, аурудың 2-аптасының соңында конвульсиялық жөтел басталады. Ондай кезде науқастың ауруы қозады, беті көкшіл боп кетеді, мойын тамырлары кеңейеді, тұншығу болады. Аурудың ауырлығына байланысты жиі-жиі ұстамалар пайда болады.
– Одан әрі өкпенің қабынуына әкеле ме?
– Көкжөтелдің ауыр түрі ұзақ уақыт бойы оттегінің жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Көкжөтел пневмония және басқа аурулар сияқты тыныс алу органдарының ауруларымен асқынуы мүмкін. Кейде қатты жөтел салдарынан ауыр асқынулар пайда болады. Аурудың дамуына қарай ол мидағы тыныс алу орталығына әсер етіп, нәтижесінде жөтел күлгенде, ауырғанда немесе сөйлегенде күшеюі мүмкін. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлар жүйесіне жағымсыз әсер етеді. Иммунитет әлсіресе, екінші рет жұқтырып алуыңыз мүмкін.
– Аурудың алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?
– Көкжөтелдің нақты алдын алудың жалғыз әрі сенімді құралы – екпе. Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, көкжөтелге қарсы вакцинация 2, 3, 4, 18 айда және 6 жаста жүргізіледі. Көкжөтелге қарсы вакцина ойлап табылғанға дейін бұл ауру балалар арасындағы өлім-жітім бойынша бірінші орында болды. Вакцина кеңінен қолданылғаннан кейін көкжөтелден болатын балалар өлімі 45 есеге қысқарды. Сонымен қатар әлемде және қазіргі уақытта балалар арасында осы инфекциядан қайтыс болу кездеседі. Бірақ статистика көрсеткендей, басым көпшілігі – екпе алмаған балалар. Егер өзіңізден немесе балаңыздан көкжөтел белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге көріну керек.
Жыл басынан бері 8 айдың ішінде көкжөтелдің 617 жағдайы тіркелді, 2023 жылдың ұқсас кезеңінде 2,0 көрсеткішімен 28 жағдай. Оның ішінде вакцина алмаған балалар арасында – 86%. Көкжөтелмен ауыратындардың көбею себебі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуі
Дайындаған Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ