Қоғам

Қалқанша безінің қатерлі ісігін дер кезінде анықтаңыз!

2025 жылдың 31 мамырында Ұлттық ғылыми онкология орталығында қалқанша безі қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықталуына арналған Ашық есік күні өтті. Орталықтың дәрігерлері Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын тегін қабылдап, тексеру жүргізіп, эндокриндік денсаулықты сақтау бойынша кеңес берді. Бүгін ҰҒОО өткен Ашық есік күні дәрігерлердің қабылдауында  60-қа жуық адам келді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жыл сайын әлемде қалқанша безі қатерлі ісігінің 800 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеледі. Бұл ауру эндокриндік жүйе қатерлі ісіктері арасында жетекші орын алады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 500 жаңа жағдай анықталады, олардың көпшілігі — әйел адамдар. Әйелдерде бұл ісік ерлерге қарағанда үш есе жиі кездеседі.

«Тек біздің орталықтың өзінде жыл сайын қалқанша безінің ауруларына байланысты 250-ге жуық операция жасалады, олардың жартысынан көбі онкологиялық сипатта. Сондықтан халықты ақпараттандыру мен профилактикалық шараларға тарту аса маңызды», — деді хирург-онколог Дулат Серікбайұлы.

Ерте диагностика өте маңызды, ауру бастапқы кезеңде анықталса, ол емге жақсы көнеді және науқастың өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Алайда дерт көбінесе белгілерсіз өтеді және тек айналадағы тіндерге таралған кезде ғана анықталады.

«Қалқанша безі ісіктері жасырын дамуы мүмкін. Көптеген науқастар бізге ісік ірі жүйкелерге, маңызды қан тамырлары мен мойын ағзаларына таралған кезде ғана келеді. Кейбір жағдайларда өкпеге, сүйекке және миға алыстатылған метастаздар дамиды. Сондықтан Ашық есік күні сияқты бастамалар асқынулар дамымай тұрып дертті анықтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті онкохирург Айбар Нұржанов.

ҰҒОО эндокринологы Маржан Оралова қалқанша безін зат алмасуда ықпалы зор екендігін атап өтті. Оның гормондары жүрек, жүйке жүйесі, сүйек, зат алмасу және репродуктивтік функцияға әсер етеді. Кез келген ауытқу – бүкіл ағзаның қызметіне әсер етеді. Дәрігер барша халықты гормон деңгейін тұрақты түрде тексеруге және қандай да бір белгі байқалса, дәрігерге жүгінуге шақырды. Сонымен қатар дәрігер дер кезінде жүгіну арқылы анықталған сирек клиникалық жағдай туралы айтты.

«Жас әйел жұтыну кезінде жайсыздық сезіміне шағымданып келді. Тексеру барысында тіл түбінде түзіліс табылып, оның қалқанша безінің эктопиялық (туа біткен ауытқушылықпен орнынан ауысқан) тіндері екені анықталды. Бұл – өте сирек патология. Түзіліс сәтті алынып тасталып, қажетті емдеу шаралары жүргізілді. Науқас жазылып шықты, жағдайы жақсы», — деп атап өтті Маржан Оралова.

Бұл жағдай мамандарға дер кезінде қаралып, тіпті «ұсақ» көрінетін белгілерді елеусіз қалдырмаудың маңызын көрсетеді:

  • Мойын аймағында түйіннің пайдв болуы
  • Дауыстың қарлығуы
  • Жұтынудың қиындауы
  • Мойын мен тамақта түйін пайда болуы
  • Лимфа түйіндерінің ұлғаюы
  • Жалпы әлсіздік, тершеңдік, салмақ жоғалту

Бұл белгілер әрдайым қатерлі ісікке тән болмауы мүмкін, бірақ міндетті түрде маманның кеңесін талап етеді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button