Қала бюджеті нақтыланды

0 92

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс, он жетінші сессиясына елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері және қалалық мекеме басшылары қатысты. Онда  Астана қаласы мәслихатының 2012 жылғы 6 желтоқсандағы «Астана қаласының 2013-2015 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қарастырылды.  

Мұның басты себебі Қазақстан Рес­пуб­ликасының «2013-2015 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджеті туралы» Заңына өзге­рістер мен то­лықтырулар ен­гі­зі­луімен байланысты болып отыр екен. Бұл жөнінде жинал­ғандарды қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасының басшысы Жанат Нұрпейісов мәлім етті. Осы­лайша, Астана қаласының бюд­жетіне 30 млрд 834 млн теңге сома­сын­да трансферттер қосымша қа­рас­ты­рылып, қаражатты қайта бөлу жүр­гізілген. Сондай-ақ, биыл­ғы бюджетті нақты­лау кезінде табыстар бойынша жылдық болжам ұлғайтылды. Ол 8 млрд 460 млн теңгені құрады.

Қала бюджетін нақтылаудың нәтижесінде елордадағы бала­бақ­шалар мен денсаулық сақтау мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сырқат­тарға амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге, қант диабетімен ауыратын науқастарды арнайы дәрмектермен қамтамасыз етуге қосымша қаражаттар бөлінгенін жеткізе келе, басқарма басшысы осындай қаражаттардың бө­лі­нуі азаматтардың жекелеген са­нат­­тарына әлеуметтік кө­мекке және мүгедектерді қол­даумен бірге Астанадағы Балалар психо­нев­ро­логиялық интернатын ұс­тауға, зорлыққа тап болған адам­дарға арналған кризистік орталықты құруға, сонымен бірге мә­дениет мекемелерін ұстау­ға және мәдени-бұқаралық іс-ша­раларға, спортшыларды кешенді медициналық тексеруден өткізуге септігін тигізгенін баяндады. Қаламызда теннис кешенін, ту­бер­кулезге қарсы диспансер мен аудандық әкімдіктердің ғи­мараттарын, он бес шақты бақты салуға әрі реконструкциялауға, сондай-ақ екі мектептің құрылысын бастауға, контейнерлер мен кон­тейнерлік алаң құрылғыларын са­­тып алуға және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде пайыздық мөлшер­ле­мені субсидиялау үшін де қосым­ша қаржы қажет болатын. Бюд­жетті нақтылаудың арқасында осының бәріне, сондай-ақ қала ау­мағын абаттандыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын дамытуға, автожолдар мен инженерлік желілер салуға қаражат бөлінген.

Енгізілген өзгерістерді ескерсек, Астана қаласының 2013 жылға нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 296 млрд 865 млн теңгені құрады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + four =