Отбасы құндылықтары дәріптелді
Қазақстанда 2013 жылдан бастап қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Биыл бұл күн 8 қыркүйекке түсіп тұр. Қоғамның маңызды институты отбасы құндылықтарын дәріптейтін іс-шаралар еліміз бен елордада көптеп өткізілді. Солардың бірі «Отбасылық құндылықтарды дәріптеу» тақырыбындағы жиын Астанадағы Полиция департаментінде ұйымдастырылды.
Жиын модераторы Астана қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Әділбеков қоғамда отбасы әрқашан рухани және мәдени дәстүрдің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болғанын және солай болып қала беретінін жеткізді.
-Отбасы күні біздің қоғамда руханилықты, өнегені нығайтуға, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің маңыздылығын сөзсіз мойындауға ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – өскелең ұрпақтың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасылық құндылықтарды, көпбалалықты насихаттау — мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары 6 миллионнан аса қазақстандық дүние есігін ашты. Ал ел азаматтарының жалпы саны 19 миллионнан асты. Бұл Қазақстандағы отбасылық-демографиялық саясаттың дұрыстығының, халқымыздың әл-ауқатының артқандығының айғағы, — деді ол.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан болашақ жар, ана болатын қыздарымыздың тәрбиесіне мұқият қарау керектігін айтты.
-Былтырдан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы біраз іс-шаралар қолға алынды, заң тарапынан да оң өзгерістер болды. Соларды іске асыратын азаматтар ретінде сіздерге қыз баланың қоғамдағы орны туралы айтқым келеді. Біздің ата-бабаларымыз баланың тәрбиесіне өте мұқият қараған. Қазір біз көп нәрсенің қадірін білмейтін болдық. Бүгінгі адамдар өмірді тез-тез сүріп, әлеуметтік желіні ақтарғандай жылдам қарап шығуға асығады. Қауырт тірлікпен жүргенде үйдегі бала-шағаның тәрбиесі жайына қалып барады. Әсіресе, ертең бесігіңді тербететін қыз баланың жайы алаңдатады. Қыз бала отбасында әке мен ананың махаббатына бөленіп, мейіріміне қанып өсуі керек, сол махаббатты толық алмаған қыздар жамандыққа ұрынып жатады. Себебі ондай балалар үлкен өмірге өткенде айналасында мейірім танытқан арам пиғылды адамдарға да жиі алданып қалады. Сондықтан қазіргі отбасында балаларға мейірім мен уақыт бөлу жетіспей жатқаны олардың алдағы өмірінде қиындыққа душар болуына әкелуде. Осы ретте баршаңызды жұмыстың қауырттығына қарамастан балаларыңызға дұрыс көңіл бөлуіңізді сұраймын, еліміздің абыройы мен отбасы ұйытқысы болатын қаракөз қыздарыңыз бен қарындастарыңызға қамқор болып, тәрбиесіне мән берсеңіздер, — деді Н. Мақжан.
Астана әкімдігі жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі, «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, «Әкелер одағы» бірлестігі Астана қалалық филиалының бастығы Бекдайыр Күзембай қоғамдағы, жалпы отбасындағы әкелердің рөліне тоқталды.
-Қазақ халқы әкені асқар тауға теңейді. Өйткені отбасының асыраушысы да, қорғаушысы да, қорғаны да, алынбайтын қамалы да – әке! Әйел адам мен балалары қандай әкені сыйлайды? Әрине жауапкершілігі мол, қамқор, ақылды әкені. Қазақ «Ер азығы — түзде» дейді. Қазақтың әкесі түзде жүрсе де, анасы арқылы балаларға ықпалы күшті болған. Яғни, әкенің күштілігін, оның сұсын, қадірін ұрпағына анасы сездіртіп, айтып отырған. Қазіргі әкелер де қызмет бабымен жүріп, отбасына көңіл бөлуді азайтпауы керек. Әке мейірімін көрмеген бала ертең рухты, елін, жерін сүйетін азамат бола ма? Қазір біз адамға ең керек құнды қасиет – мейірімнен ажырап барамыз. Бала ата-анасына қарап бой түзейді, Сондықтан олардың жақсы болғанын қаласақ, өзіміз сондай болуымыз керек, — деді ол. Жиында сонымен қатар “Сенімен Болашақ” РҚБ өкілі Индира Тоқмурзина да сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының қоғамды толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Райхан Рахметова