Шаһар шаруашылығы

Өзекті мәселелер талқыланды

Бас қалада «Esirtkisiz elorda – дені сау ұрпақ» жобасы аясында дөңгелек үстел өтті. Онда есірткіге тәуелділік пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы азаматтық бастамаларды іске асыру, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша тәжірибе алмасу талқыланды.

Дөңгелек үстелді қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасының және елордалық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен «Астана жастары» ЖРО ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – іске асырылған жобалар мен бастамаларды талқылау, нашақорлықтың алдын алу мен емдеудің тиімді әдістері мен тәсілдерімен алмасу, сондай-ақ одан әрі өзара іс-қимыл мен бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін зерделеу.

– Дөңгелек үстел жұмысына есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында жұмыс істейтін негізгі мамандар қатысады. Олардың қатарында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының алдын алу бөлімінің басшылығы, есірткі заттарын тарату арналарын бұғаттаумен айналысатын қордың төрағасы бар. Бұл қор нашақорлықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде және тыйым салынған мазмұнды бұғаттауға арналған арнайы бағдарлама әзірледі. Біздің қалада нашақорлықтың алдын алу аясында көптеген іс-шара өтеді. Бұл мектептердегі, жоғары оқу орындары мен колледждердегі дәрістер, жастармен кездесулер, сондай-ақ осы мәселеге назар аударуға бағытталған түрлі акция, челлендж және бағалы сыйлық­тары бар шығармашылық конкурс. Сонымен қатар белгілі тұлғалар мен бұрынғы нашақорлардың қатысуымен подкасттар шығарылады, бұл тақырыпты кеңірек қамтуға мүмкіндік береді. Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткінің алдын алу саласында жұмыс істейтіндердің барлығын біріктіріп, өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ нашақорлық бойынша зерттеу нәтижелерін ұсыну. Біз сондай-ақ 1000 жас арасында сауалнама жүргіздік. Алынған мәліметтер ұсыныстар жасау үшін талданады. Барлық сарапшының осы салада айтарлықтай тәжірибесі бар. Бұл есірткіге тәуелді адамдармен белсенді жұмыс істейтін және құнды кері байланыс бере алатын оңалту орталықтарының басшылары. Біз бұл ұсыныстарды алдағы жұмысымызда қолдануды жоспарлап отырмыз, – деді «Esirtkisiz elorda» жобасының жетекшісі Айдана ­Мұсатаева.

Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар өте маңызды. Астанада есірткіге қатысты жағдай біртіндеп жақсарып келеді, дегенмен бұл бағыттағы жұмыс әлі де ұйымшылдықты қажет етеді.

Дөңгелек үстел жұмысына прокуратураның, коммерция­лық емес ұйымдардың, есірткіге тәуелділіктің алдын алу саласында белсенді жұмыс істейтін еріктілер бірлестіктерінің өкілдері де қатысты.

Жастармен жұмыс саласындағы сарапшы Нұрлыбай Наурызбаев нашақорлықтың негізгі проблемасы ақпараттың болмауымен бай-ланысты екенін атап өтті.

– Мұның зұлымдық екенін бәрі түсінетін сияқты, бірақ адамның көкейінде «неге бұлай болып жатыр?» деген сұрақ туады. Өкінішке қарай, адамдардың көпшілігінде бұл сұраққа жауап жоқ. Сондықтан біздің кездесулерде мамандар жағдайды түсіндіріп, барлық сұраққа жауап береді. Біз іс жүзінде барлық университетті, елорданың көптеген колледжін қамтимыз, сондай-ақ мектептерде белсенді кездесулер өткіземіз. Осылайша, біз нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жаппай іс-шаралар ұйымдастырамыз және осы тақырып бойынша зерттеулер жүргіземіз, – деді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button