
Референдумға дайындық аясында Астана қаласында арнайы мониторингтік топ референдум учаскелеріне аралау жұмысын жүргізді. Іс-шараның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың өз сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына қажетті жағдайдың жасалуын тексеру.
Мониторингтік топ құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі сарапшылар кірді. Аралау барысында учаскелердегі пандустардың талаптарға сәйкестігі, арнайы жабдықталған дауыс беру кабиналарының қолайлылығы, Брайль шрифтімен жасалған трафареттер мен нашар көретін жандарға арналған үлкейту құралдарының болуы, сондай-ақ ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының қолжетімділігі тексерілді.
Тексеру барысында кейбір учаскелерге техникалық жақсартулар енгізу жөнінде ұсыныстар берілді. Анықталған олқылықтарды референдум күніне дейін жою туралы тиісті комиссияларға нұсқамалар жолданды. Астана қаласында референдум өткізу үшін 430 учаске жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олардың барлығы дерлік маңызды саяси науқанды өткізуге дайын. Жауапты органдар барлық азаматтардың, соның ішінде мүгедектігі бар жандардың да, референдумға толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізді.



