Қоғам

IT  саласын игеру – заман талабы

Цифрлық технология біздің қоғамның ажырамас бөлігіне айналды.  Осыған байланысты елімізде  саланы дамытудың маңыздылығы айдан анық. Мемлекетімізде  IT саласын дамытуды қолдап, жоғары оқу орындарына түсушілерге грант санын ұлғайтып, жасөспірімдерді баулып, жан-жақты көмек көрсетіп жатқаны қуантады. Осы ретте өзімнің тәжірибеммен бөліскенді жөн көрдім.

Оқыған мамандығым,  алған білімім, жинақтаған тәжірибем тікелей білім саласымен байланысты болды.  Жиырма жылдың қалай өтіп кеткенін өзім де аңғармай қалдым. Алайда адамға өмір бір-ақ рет берілгендіктен,  өзімді шектеп қалмай, жаңа қырымнан тануға  бел будым. Яғни, техника саласына бет бұрдым. Әрине, бастапқыда оңай болмады.

Себебі, мектеп қабырғасында жүргенде информатика мен компьютерлік білімім жеткіліксіз деңгейде еді.  Ал университетте не  информатика, не физика сабақтары оқытылмады. Сондықтан компьютерлік білімді үйренудің жауапкершілігі тек өзіме түсті. Өздеріңіз білесіздер, 2000- жылдары елімізде интернет жоқтың қасы болды. Халық тек кафелерде әр минутына ақша төлеп, қолданды.  Осы кезеңдерде мен де өз бетімше компьютердің базалық командаларын үйреніп, реферат және баяндамаларымды дайындадым.

Компьютердің командалары мен IT саласын  бағдарламалау екі түрлі әлем сияқты көрінді.  Яғни, сен компьютерге не жасау керек екенің машинаның тілінде айтып, жеткізуің  керек. Компьютердің тілі жоғары деңгей және төменгі  деңгей болып екіге бөлінеді. Жоғары деңгейдегі тілдер,  яғни  java, Python, javaScrip тағы басқа тілдер компилятор арқылы жұмыс істейді. Төменгі деңгейдегі тілдер (мысалы, Assembler) –процесордың машиналық кодтарында тікелей бағдарламалауға жақын  бағдарламалау тілі.

Мен үйренуге деген саяхатымды javascript   тілін игеруден бастадым. Бұл тілді үйренуге базалық HTML мен CSS-ті  игеру керек. Яғни, құрылыс материалы мен дизайн стилі,  JS (javaScript) қозғалтушы, әрекет жасаушы.  Сонымен өзім ізденіп, қызығына түсіп, алғаш рет «Тетрис» ойынын жасадым. Сондықтан да жаңадан үйренушілерге  ойын бағдарламалаудан бастауға кеңес берер едім. Тәжірибе жинағаннан соң әр түрлі бизнес өкідеріне немесе жеке кәсіпкерлерге ақысыз сайттар жасауға ұсыныс жасаған дұрыс. Өйткені, белгілі бір жобада жұмыс жасағаныңда, өзіңнің рөлін маңызды екенін түсінесің. Бұл жобаның көптеген адамдарға көмектесетіні жаныңды қуантып, неғұрлым түсінікті,  жеңіл етіп жасауға тырысасың.

Қазіргі уақытта интернет желісі барлығына қолжетімді.  Білім алу көздерінің әр алуандығы осы саланы жеңіл игеріп, тез қабылдауға септігін тигізеді. Кеше ғана Ютуб каналдары арқылы үйреніп жүрген жастар, бүгінде GPT (жасанды интеллект) арқылы кез келген сұрақтарға толыққанды жауап ала алады. Сонымен қатар Coursera, Udemy, Freecodecamp,  EDX сияқты сайттарды атар едім.  Оқимын, игеремін деген адамға кез келген құрал  пайдалы бола алады. Ең бастысы еріншектікке жол бермей, заман ағымынан қалыспай, әрекет ете беру керек. Әрекеттің нәтижесі – сәттілік пен табыстың кілті!

Айнұр АХМЕТЧЕЕВА,

 IT саласының маманы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button