80 жастағы елорда тұрғыны Кейптаундағы марафонды толық жүгіріп өтті
Астананың халықаралық әуежайында 80 жастағы марафоншы Салтанат Түйтебаевты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Елордалық қария Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен ардагерлер арасындағы халықаралық марафонға қатысып, алған жарақатына қарамастан толық марафон қашықтығын – 42,2 шақырымды 7 сағат 31 минутта жүгіріп өтті.
Әуежайда оны қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, жақындары мен туыстары, сондай-ақ жанкүйерлері қарсы алды.

«Сіз үшін қатты алаңдадық, аман-есен елге оралғаныңызға қуаныштымыз. Сізді қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе», – деді Василий Левит. Салтанат Түйтебаевтың өзі де алған әсерін былайша жеткізді.
«11-шақырымда марафонды жалғастыруға кедергі келтіретін жарақат алдым. Алайда екі рет медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, дәрігерлер жарысты тоқтатуға кеңес бергеніне қарамастан, мәреге дейін жеткім келді. Жарақатпен жүгіріп, жарыс жолынан шыққан жоқпын», – деді ол.
Оның айтуынша, ол марафон фавориттерінің қатарында болған және жарақат алмағанда жүлделі орыннан көрінуі мүмкін еді.
«2027 жылы Жапонияда өтетін ардагерлер олимпиадасында есемді қайтарамын», – деп уәде берді спортшы.
Марафоншы күн сайын жүгіруді жалғастырмақ.
«Мен таңертең жүгіремін. Физикалық дайындығымды сақтап, барлық жарысқа қатысуға тырысамын. Немерелерім мен шөберелеріме белсенді әрі салауатты өмір салтының үлгісі болғым келеді», – деді Салтанат Түйтебаев.
Салтанат Түйтебаев – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еске салсақ, 2025 жылы ол Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта бағындырған.
Бұған дейін, 2021 жылы Аустралияда өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында 75-79 жас санатында күміс медаль иеленген. Сондай-ақ ол Жаңа Зеландияда өткен ардагерлер олимпиадасының чемпионы атанған.



