Белсенді жастар АЭС құрылысын талқылады
Астана қаласында «AMANAT» партиясының орталық аппаратында орналасқан АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген жастар АЭС құрылысын талқылауға қатысты, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков қоғамдық ұйымдардың белсенді жас өкілдерімен кездесіп, еліміздегі энергетикалық ахуал туралы, АЭС салу мәселесінің мәнісі туралы кеңінен айтып берді. Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, қатысушылар өз сұрақтарына жан-жақты жауап алды.
Кездесуге «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақстан Студенттер альянсы, «Dauletten» қайырымдылық қоры, «Respublica» партиясының Жастар қанаты сынды ұйымдарың өкілдері қатысты.
ҚАЭС маманы көрнекі түрде үлкен экранда цифрлар мен деректерді келтіре отырып, еліміздің энергетикалық ахуалы және тағы да басқалар туралы баяндады. Мәселен, 2035 жылға қарай елімізде 26,5 ГВт-тан астам жаңа генерация енгізу көзделіп отыр екен. Оның ішінде жасыл энергия көзіңің үлесін 57%-ға жеткізу жоспарлануда. Соның ішінде жел мен күннен басқа, гидроэлектр станциялары (ГЭС) мен АЭС-те бар. Мәселен, бүгінгі меже бойынша он жылдан кейін еліміздің энергетикалық балансында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) 9550 МВт-ты құрап 36% болмақ, ал ГЭС 3046 МВт-қа, яки 12%-ға жеткізілмек, АЭС-тің үлесі 2400 МВт қуатпен 9% болады деп күтілуде. Соған сәйкес газ бен көмір генерациясы 11 525 МВТ-ты құрамақ. Осылайша, қазіргі 70%-дан 43%-ға төмендетілетін болады.
«Таза энергияны пайдалану тапшылықты жоюмен қатар экологиялық проблемаларды шешуге көмектеспек. Бүгінгі таңда Қазақстандағы парниктік газ қалдықтарының 81,6%-ы органикалық отынды жағу кезінде бөлінетін көмірқышқыл газынан (СО2) тұратын болса, 12,4%-ы пайдалы қазбаларды өндіру барысында бөлінетін метаннан (СН4) құралады, ал 5,6%-ы — азоттың шала тотығы (N2O). Елімізде 1 ГВТ электр энергиясын өндіру үшін 7-120 мың тонна күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 3-7 млн тонна көмірқышқыл газы ауаға бөлінсе, 700-1500 тонна майда күл және 300 мың тоннадан астам ірі күл түрінде қалдық қалады. Ірі күлдің құрамында 400 тоннаға жуық мышьяк, кадмий, қорғасын, сынап сынды уытты металлдар бар. Ал АЭС арқылы осынша көлемдегі электр энергиясын өндірер болсақ, бұл қалдықтардың бірі де болмас еді», — деді Халықтық штабта «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков.
Оның айтуынша, елімізде жел, су, күн және биоотындар сияқты жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту жүйелі жүзеге асып келеді. Бүгінде оның энергетикалық баланстағы үлесі — 6%. Қазақстанда жиынтық қуаты 2903,7 МВт болатын 148 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 59-ы жел (ЖЭС), 46-сы күн (КЭС), 40-ы су (ГЭС) және 3-еуі биоотын (БиоЭС) станциялары.
«Десе де таза энергия көздерінің ішінде атом электр энергиясын өңдіру мәселесі жиі көтеріледі. Ол оның коэффиценттік пайдалы әсеріне байланысты. Мәселен, АЭС-те бұл көрсеткіш 90%-ға тең болса, жел генерациясында 35%-ды, күн генерациясында 18%-ды құрайды. Мұны энергетика тілінде белгіленген қуатты пайдалану коэффициенті (БҚПК) деп атайды. Бұл техникалық сипатында көрсетілген қуаттан әр бір нысан энергияның қанша пайызын нақты өңдіретінін білдіреді. Атом энергетикасында оның жоғары болатын себебі, ол күн, жел сияқты табиғи құбылыстарға тәуелді емес, тұрақты жұмыс істейді. Тағы бір артықшылығы – АЭС көп жер көлемін алмайды. Мәселен, сол атом электр станциясы өндіретін 2,8 ГВт қуатты алу үшін 4 024 га аумаққа 8,05 ГВт-тық ЖЭС немесе 28 860 га алаңға 14,43 ГВт-тық КЭС салу қажет. Салыстыру үшін айтсақ, Астана қаласының ауданы 72 200 га құрайды», — деді ол.
Кездесу қонағы одан бөлек әлемдегі АЭС саны мен оның артықшылықтары туралы, елімізде уран отыны таблеткаларын шығарытын Шығыс Қазақстан облысындағы «Үлбі металлургия зауыты» АҚ туралы, АЭС-тің ядролық отынын өндіретін «Ульба-ТВС» ЖШС туралы және тағы да басқа жайттарды айтып берді. Атом реакторының құрылымы, орналасу орыны қалай таңдалғаны, мамандар даярлау мәселесі жайында да сөз етті. Еліміздің энергетика саласына, соның ішінде атом энергетикасына қатысты осындай мазмұнды әңгімелерден кейін де жастарды қызықтырған сұрақтар көп болды. Олардың қай-қайсысына да сарапшы маман тұщымды жауаптар беріп, жастардың ел өміріне, мемлекет болашағына бейжай қарамайтынына ризашылығын білдірді. Қатысушыларды халқымыз үшін маңызды ірі жобаға жауапкершілікпен қарап, 6 қазан күні өтетін референдумға бір адамдай қатысуға шақырды.