«Aulafit» жобасының жазғы маусымы аяқталды
Елордада «Aulafit» жобасының жазғы маусымы аяқталды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
«Сармат-1» тұрғын үй кешенінің футбол алаңында «Aulafit» жобасының жазғы маусымының жабылу рәсімі өтті.
Жобаның жабылу маусымының салтанатты шарасына Лондон Олимпиадасының чемпионы әрі жоба авторы Серік Сәпиев, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов қатысып, қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
«Aulafit спорттық әлеуметтік жобасының кезекті маусымының сәтті аяқталғанымен құттықтаймын. Биыл 30 ауланы қамтып, 3 мыңға жуық тұрғын жобамызға белсенді түрде қатысты. Келесі жылы бұдан да ауқымды өтеді деп үміттенемін. Баршаңызға алғысымды білдіремін. Спортты серік етіп, салауатты өмір салтын жалғастыра берейік», — деді бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы және «Вэл Баркер» кубогының иегері Серік Сәпиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба жаз бойы қала тұрғындары үшін тегін өтті. Қатысамын деушiлердiң жасына шектеу болмаған.
«Тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен аптасына үш рет өткен жаттығу сабақтары қаланың 30 ауласын қамтыды. Салыстырмалы түрде 2023 жылы 10 ғана аула болған еді. Айтулы жобаға қаланың еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін қатысты. Жоба қатысушылары футбол, баскетбол, волейбол, дене жаттығуы түрлерімен айналысты. Сондай-ақ, Aulafit әлеуметтік жобасын іске асыру барысында қала тұрғындары «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясына белсене қатысты. Олар әр жаттығудан кейін өз аулаларын жинады», — деді елордалық спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов.
Еске салайық, «Aulafit» жобасы алғаш рет 2020 жылы құрылып, сол жылдың мамыр айынан бастап iске қосылған.
Іс-шара соңында тұрғын үй кешенінің балалары Лондон Олимпиадасының жеңімпазымен бірге естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды.