Елорда тынысы

Елордада ауруханалар мәселесі шаш-етектен

Бүгінде елордағы медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі артпаса, кеміген емес. Коммуналдық қызметтен бастап дәрі жеткізушілерге дейін қарыз, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұған дәрігерлердің қызметіне көңілі толмайтын емделушілердің арыз-шағымын қосыңыз. Салдарынан аурухана басшылары өздері де ем іздейтін күнге жеткен. Бұл проблема Астана қаласының қоғамдық кеңесі ұйымдастырған қоғамдық тыңдау барысында көтерілді. Тұрғындардың көңілі толмайтын МӘМС мәселесі де сөз болды.

Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, МӘМС арқылы қаржыландырылатын басқармаға қарасты медициналық ұйымдардың бюджеті биыл 120,4 млрд теңгені құраған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,5% пайызға артық. Десе де, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі азаймай тұр.

«Медициналық ұйымдарды қаржыландырудың жеткіліксіздігінен кредиторлық берешек қалыптасты. Бүгінде олардың кредиторлық берешек сомасы 14,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде «СК-Фармация» ЖШС-ға 4,5 млрд, өзге де жеткізушілерге 10,2 млрд теңге берешек бар. 2022-2023 жылдары мерзімі өткен кредиторлық берешек сомасы 3,3 млрд теңгеге тең. Атап айтсақ, №1 көпсалалы қалалық аурухананың берешегі – 2,2 млрд теңгеге, қалалық фтизиопульмонология орталығының қарызы – 662 млн теңгеге және қалалық инфекциялық орталығының берешегі 398 млн теңгеге жетті», – деді Әлия Рүстемова.

Оның айтуынша, кредиторлық берешектің пайда болуының негізгі себептері төмендегідей:

– дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға, азық-түлікке, коммуналдық және басқа да қызметтерге бағаның жыл сайынғы өсуін көздемейтін төмен тарифтер;

– медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру;

– көрсетілетін қызметтер көлеміне келісілгеннен төмен шарттар жасасу.

Бұдан бөлек, ағымдағы кредиторлық берешектің пайда болу себебі медициналық сақтандыру қорының филиалы тарапынан уақтылы қаржыландырылмауынан туындаған екен. Мәселен, бүгінде медициналық ұйымдарға ағымдағы жылдың 4 айында ғана орындалған жұмыстар актілері бойынша қаражат төленіпті.

Құзырлы органдар №1 қалалық көпбейінді аурухананың кредиторлық берешегін жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеу тетіктерін қарастыруда. Бұл мәселе биыл 2 қыркүйекте мәслихат отырысында көтерілмек.

 

Сурет:  Pexels

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button