Басты ақпаратРуханият

Архивті шаң баспайды

Халқымыздың дәстүрі мен мәдениетінің, тарихи жадының қайнар көзі — архив құжаттарын көз қарашығындай сақтау, халыққа жеткізу қашанда маңызды саналады. Қазақстан тарихына қатысты шет мемлекеттердің архив қорларынан табылған құнды құжаттар мен тың мағлұматтар аз емес десек те, сан ғасырлық тарихи-мәдени өркениеттің өлшемімен пайымдағанда, бұл әлі қалың мұзтаудың жәй беткі қабаты ғана сияқты көрінуі мүмкін. Төменде архив саласының осы және мұнан да басқа мәселелері туралы  Астана қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің басшысы Ғазиза ИСАХАН баяндайды.

– Ғазиза Тұрмағанбетқызы, шетел архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттарды іздестіру, көшірмелерін алу қай уақыттан бері қолға алына бастады?

– Ел тарихына қатысты шетел архивтеріндегі құжаттарды немесе олардың көшірмесін қайтару мәселесі XX ғасырдың 30-60-шы жылдары көтерілген болатын, бірақ кеңестік саясат салдарынан көп құжатқа қолымыз жетпеді. Кеңес тарихнамасында идеологиялық себептерге байланысты, сондай-ақ тиісті дереккөз базасының жоқтығы немесе тиісті қорлардың «жабық» болуы іс жүзінде шетелдік архивтердегі Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың толық зерттелуіне кедергі келтірді, ал жазылған еңбектер барынша бұрмаланып, саясиландырылды. Сондықтан тарихтың кеңестік кезеңдегі идеологиялық және саяси мақсаттарға сәйкес бұрмаланған тұстары әділдік тұрғысынан қайта сұрыптап зерделеуді талап етеді.  Көптеген архивтердің ашылуы, қарым-қатынас аясының кеңеюі зерттеуші-мамандардың шетелдік архивтерде жұмыс істеу тәжірибесі мен шығармашылық ізденісіне айтарлықтай өзгерістер алып келді.

Егер тарихи дерекке жүгінсек, Еуразия кеңістігін жайлаған сақ, массагет, исседон т.б. тайпалар, олардың тіршілігі, тұрмыс-салты туралы мәліметтер Геродот заманынан бастап белгілі болды. VI ғасырда Түрік қағанаты мен Византия арасында дипломатиялық қатынастар, одан беріде XIII-XVI ғғ. қазақ даласына ат басын тіреген еуропалық елшіліктер, миссионерлер, көпестер, дипломаттар легі қазақ тарихы, қазақ этнологиясы туралы қаншама жауһар жазбалар қалдырды. Осы ретте, шетел архивтерінен сондай ғажайып үлгілерді жеткізу, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу ісін мемлекеттік деңгейге дейін көтере білген тарихшы ғалымдарымыз К. Есмағамбетов, М. Қойгелдиев, М. Әбусейітова, Г.Көкебаевалардың еңбектерін айрықша атап өткен жөн.

Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары көбіне Бейбарыс сұлтан, Мұстафа Шоқай, Алаш арыстарының есімі аталып, публицистикалық көлемді мақалалар жазыла бастады, кейін құжаттық деректерге негізделген ғылыми жұмыстар, диссертациялық зерттеулер, деректі фильмдер дүниеге келіп, архив құжаттарының жинақтары жарық көрген еді.

– Шетел архивтерінен Қазақстанның тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерін алу, іздестіру жұмыстарына өзіңіз де көп атсалысып жүрсіз. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен еңбектеріне қатысты шет ел архивтеріндегі тың деректер негізінде жазған мақалаларыңыз өз алдына бір төбе. Тұлға туралы деректердің дені қайдан табылды?

– Мұстафа Шоқай мұралары тағдыр жазуымен өз Отанынан жырақта жиналды. Оның жеке мұрағатын «Жаңа Сорбонна – Париж III» университеті жанындағы университетаралық шығыс тілдері және өркениеті институтының кітапханасына жары Мария 1953 жылы өткізген. Осынау мұрағаттық қор жөнінде алғаш «Түркістан» журналында Ә.Оқтайдың «М.Шоқайдың мұрағаты мен кітаптары» деген мақала жарық көрді. Бұдан соң 1980 жылы араға біраз жыл салып Нью-Орлеан университетінің (АҚШ) профессоры Э.Лаззерини М.Шоқай қорын мазмұнына қарай он қорапқа жүйелеп салған екен.

Үкіметаралық келісім-шарттан кейін іле-шала Мұстафа Шоқай архивіндегі құжаттарды реттестіріп, көшірмесіне тапсырыс жасау үшін сарапшы маман ретінде маған жауапкершілік жүктелді. 2001 жылы шілдеде Парижге аттандым. Кезінде Мария Шоқай кітапханаға тапсырған он папкадағы құжаттарды хронологиялық, тақырыптық жағынан жүйелеп шықтым. Мұнан кейін өз тарапымыздан тапсырыс беріліп, микрофильмге түсірілді.

  • Бұл құжаттар несімен ерекшеленеді?

– Париждегі университетаралық кітапханада сақтаулы М. Шоқайдың  құжаттары жүйелілігімен назар аудартады. Қайраткердің «Иеңи Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарында, «Горец», «Вольный горец» және Парижде шығып тұрған орыс эмигранттарының «Дни», «Последние новости» газеттерінде, т.б. баспасөз беттерінде, шетел басылымдарында француз, поляк, түрік т.б. тілдерде жарияланған мақалалары мен еңбектері (газет қиындылары, кейбірінің қолжазбалары да бар), үш өлеңінің қолжазбасы (1919-1940); Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан республикаларының газет-журналдары мен «Известия», «Правда» газеттерінен жинаған ақпарат-конспект (1930-1939) дәптерлері және Кеңес Одағы мен жоғарыда аталған республикалардың орталық ресми басылымдарынан алынған газет қиындылары; Әскери тұтқындардың тізімі, тілхаттары, М. Шоқайдың Вали Каюмханға тұтқындардың халі, түркістандықтармен кездесуі жөнінде жазған хаты (1941); Кеңес Одағынан кеткен эмигранттардың өмірі мен қызметіне қатысты эмиграциядағы түрлі партиялар мен ұйымдар туралы материалдар (1920-1940); Украина, Кавказ, Еділ-Орал және Түркістан халықтарының ұлтты құтқару күресіне қатысты материалдар (1920-1940 жж.) сияқты т.б. бұрын-соңды бізге беймәлім болып келген қаншама құнды дерекке қол жеткіздік.

– М.Шоқай тағдырына қатысты тағы қандай деректерді алға тартар едіңіз?  

– Ұлттық архив қорына осыларға қоса 2003-2005 жылдары Ресей, Өзбекстан, Башқұртстан мемлекеттік архивтеріндегі деректер де жинақталды. Өзбекстан архивінен М.Шоқайдың Ташкент семинариясында оқығандығы туралы, 1916 жылы Ташкентке келген  сапары жайында құжаттар сақталса, Башқұртстан архивінен З. Валидидің жеке архивінен М.Шоқайға қатысты архив деректері алынды.  Санкт-Петербург қаласының тарихи архивіндегі Санкт-Петербург университетінің қорында М.Шоқайдың жеке ісі сақталған. Оның алғашқы парағы Мұстафаның университет ректоры атына оқуға қабылдауды сұраған өтінішпен басталады. Құжат жиегіне 1910 жылдың 30 маусымында құжат қаралғанын, осы жылдың 6 шілдесінде студент қатарына қабылданғаны туралы жазылған. Іске М.Шоқайдың сынақ кітапшасы, университетте оқыған кездегі төлеген жарналарының түбіртектері қоса жалғанған. 1914 жылғы 15 қыркүйектегі заң факультеті деканына Санкт-Петербург университетінің толық курсын аяқтағаны, соған байланысты оқу бітіргені туралы куәлікті сұраған өтінішінде өзі тұратын  мекен-жайын «Петроград. Провиантская 10, кв. 25» деп көрсетеді. Өтініш арнайы бланкіде жазылған, онда оқу бітіргені жөніндегі куәлікті арыз берген соң екі апта ішінде алу керектігі және куәлік алған соң, Санкт-Петербург қаласында тұруға берілген рұқсат қағазды қайтару тиістігі ескертілген. Сондай-ақ бұл істе Ташкент ерлер гимназиясын бітіргені туралы кәмелеттік аттестат, сол қалада түсірілген М.Шоқайдың екі фотосуреті сақталған. Мәскеудегі Ресейдің әскери тарихи архивінен де Түркістан ұлттық бірлігінің қызметіне қатысты біршама тың мағлұматтар табылып, жекелеген құжаттардың көшірмелері елімізге оралды.

2004 жылы демеушілер қаржысына ұлыбританиялық коллекционер М.Басхановтан «Яш Түркістан» журналының 1931-1936 жылдар аралығындағы 67 түпнұсқа нөмірі сатып алынса, түркиялық отандасымыз, тарихшы ғалым Әбдуақап Қара 1927-1931 жылдар аралығындағы «Иеңи Түркістан» журналының толық нұсқасының көшірмелерін сыйлады. 2005-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Германия мұрағаттарындағы деректердің біршамасы анықталды.  Польшаның жаңа актілер мұрағатынан «Прометей» Лигасының жекелеген құжаттарының көшірмесі алынды.Түрксойдың қолдау көрсетуімен 2010 жылы Мұстафа хаттарының Түркиядан табылған түпнұсқалары, Тахир Шағатайдың жеке архивінен алынған 84 хаты мен бірнеше қолжазбаларын Мұзафар Ақшора деген азамат Орталық мемлекеттік архив қорына тапсырды. 2011 жылы Польша Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты Болеслав Валигори атындағы Орталық әскери архивтен «Прометей» Лигасының қызметі, жекелеген ұлттық эмигранттық ұйымдар шығарған газет-журналдар туралы, сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы қызметіне байланысты тың деректер табылды. Бұл архивтен алынған 600 парақ құжат Орталық мемлекеттік архивтің қорында тұр. Осы жолдар авторының құрастыруымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006 жылы 2-томдық «Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы» (ғылыми жетекші К. Есмағамбетов), 2011 жылы «М. Шокай. Туркестан – наша общая колыбель», 2021 жылы «В эмиграции: Эпистолярное наследие Мустафы Шокая. 1919-1941» (Ғылыми редакторы Г.К. Көкебаева) жинақтары жарияланды.

– Белгілі тұлғалардың жеке архив қорын жинақтаумен қай уақыттан бері айналысып келесіз?

– Қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін баяндайтын деректі құжаттық мұраларды жинастыру дегеніміз өте бір жауапкершілігі мол, ауқымды жұмыс.  Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінде қызмет жасап жүргенде 1996 жылы  Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Асанбай Асқаров, Санжар Жандосов, 1997 жылы Ақжан Машани, Зейнолла Қабдолов, 1990-2000 жылдары Әзілхан Нұршайықов, Шакен Ниязбеков, Қасым Қайсенов, Бибігүл Төлегенова, Марс Рафиков (ұшқыш, 1-ші космонавтар отрядының мүшесі), Асқар Тоқпанов, Жүсіп Сахиев, Советхан Ғаббасов, Сәрсенбі Дәуітұлы, Әнуар Ипмағамбетов сынды  т.б. көптеген айтулы тұлғалардың жеке мұрағатын архив қорына алуға атсалыстым. Отыз жылдан аса архив саласында қызмет етіп келемін. Соған қарамастан олармен кездескен немесе ұрпақтарынан құжаттарын қабылдаған сәулелі сәттердің жадымдағы жарқын беттері әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.

Қор деп отырғаным негізінен жеке тұлғаның өмірбаянына, қызметіне қатысты құжаттар, жолжазбалары, күнделіктері, қойын дәптерлері, басқа авторлардың еңбектеріне жазған пікірлері, сөйлеген сөздері, баяндамасы, сұхбаттары, ғалымдардың ғылыми еңбектері, мақалалары, фотосуреттері, жинаған түрлі материалдары т.с.с. дүниелерден тұратын мұралар.

Бұдан бөлек араб, латын әріптерімен жазылған деректерді оқи алуымның арқасында Мағжан Жұмабаевтың бұрын жарияланбаған 2 өлеңін, Ілияс Жансүгіровтің, Фатима Ғабитованың хаттарын, Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасын қағазға түсірдім.

–  Қазақ: «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді. Осы жағынан көмек сұрап, архив деректеріне иек артып келетіндер бар ма?

– Әркім өз отбасының тарихын, ата-тегін білуге мүдделі. Астана қаласы мемлекеттік архивіне тақырыптық, биографиялық, генеалогиялық сұраныстардың көптеп түсе бастауы соның жарқын дәлелі.

Генеалогиялы (тектанулық) құжаттардың электронды қорын жасау архив үшін де, зерттеушілер үшін де өте пайдалы болар еді. Бұл бағытта дамыған елдердің озық тәжірибесінен үйренетін үлгі көп. Мысалы, генеалогиялық ақпаратты ұсынудың озық тәсілі Швецияның Ұлттық архивінде қалыптасқан. Онда абоненттік төлем арқылы архивтің цифрланған мәліметтер базасына кіру мүмкіндігі бар. Ұлыбританияның Ұлттық архиві еріктілер көмегімен «Өткеніңді тап» («Find my past»)  жобасын іске асырды, Латвия мен Эстонияның Ұлттық архивтері еуропалық гранттың көмегімен «Радураксти» (Родословная, Латвия), «Сага» (Эстония) генеалогиялық мәліметтер базасын жасады. Бұлар – цифрланған шіркеу кітаптарының коллекциясы, халық санағының материалдары. Финляндия архиві метрикалық кітаптардың цифрланған көшірмелерін арнайы сервис әзірлеп, әркімнің қол жеткізуіне мүмкіндік туғызып отыр. Жақында өткен Құрылтайда  Мемлекет басшысының цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталып өтуінің өзі бекер емес. Өйткені мұнсыз өркениетті елдердің көшіне ілесе алмаймыз.

  • Ата-тек шежіресін архивтен тапқан жандар бар ма?

– Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Мәскеуден келген Галина Смирнова есімді қандасымыз И.В.Панфиловтың қызы, Майя Ивановнамен бірге Шығыс Пруссияда (Калининград облысы) қаза тапқан кеңес жауынгерлерін мәңгі есте қалдыру коммерциялық емес ұйымын, «Ескерткіш» қорын құрған. Шын аты-жөні – Гүлзипа Жұманқызы.

Екінші дүниежүзілік соғыстан хабар-ошарсыз кеткен атам Исахан Оспанұлының аты-жөні ол тапсырған құжаттардың арасынан шыға келгенде ғаламат күй кештім. Қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 мыңнан астам жауынгер туралы Ресейдің Орталық мұрағатынан табылған мағлұматты өз қолымен әкеліп тапсырған Гүлзипа қандасымыздың бұл еңбегі елін, жерін сүйетін нағыз патриот адамның ғана қолынан келетін ерлік еді.

Ал Қызылорда облыстық архивінен Қазалы болысындағы 1927 жылғы байлардың тізімінен бабам Оспан Арыстанбекұлы, 52 жаста, деген ақпарат табылды.

Сондай-ақ, ұлы атам Арыстанбек би Өтеғұлұлы (1850-1923 жж) туралы деректер Орталық мемлекеттік архивтен, Қазақстан Республикасы Президенттік архивінен табылды. ХIХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген Арыстанбек Өтеғұлұлы билiк басында болған кiсi.     «Арыстанбек би былайша билiк айтып едi», деген әңгiмелердi тарихшы ұстаз, Арыстанбек бидің немересі марқұм Шәкен Күнтуаров атамыздан, басқа да апа-аталарымыздан бала күнімізде жиі еститін едік. Кейін ел тарихы жайында қалам тартып жүрген, мұрағатшы, марқұм Зияда Ижанов, Сыр елінің шежіресін жинаумен айналысқан зерттеуші Тынышбек Дайрабаев бізді Арыстанбек атамыздың өміріне қатысты деректермен таныстырды.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатындағы 232 қордың 1-ісіндегі құжатта (1868 ж.) «Сортүбек», «Әулие сексеуiл» маңын қыстаған Шаған болысы қазақтарының тiзiмi жазылыпты. Осы тізімнің бірінде 611 ретпен Арыстанбек Өтеғұлов пен iнiсi Шәупiнiң есiмi жазылыпты. Ел әңгiмелерiнде Арыстанбек би болды, жарлы-жақыбайға қарасты дей отырып, оның үш әйелiнен көп бала болғаны айтылады. Сырдарияның төменгі ағысында қыс қыстауы Жаңадария бойында өмiрден өткен Арыстанбектi ұрпақтары өзi салдырған кесенеге 400-500 шақырым жерден алып келіп жерлейдi.

Арыстанбек Өтеғұлұлы шамамен 1852 не 1853 жылы қазiргi Жалағаш ауданы төңiрегiндегi қазіргі Аққыр, Жаңаталап, Жаңадария ауылдарының бірінде  туса керек. Арыстанбектiң есiмi 1901, 1907, 1909, 1914 жылдардағы Қазалы және Перовскi уездерiнiң құжаттарында бар. Сол құжаттардың бiрiнде (1901 ж.) Арыстанбек Өтеғұловтың 10 түйесi мен 10 жылқысы болғаны айтылса, 1906 және 1909 жылғы құжаттарда Арыстанбек бабамыздың Қаракөл-Қуаңдария болысының старшинасы (биi) екенi тайға таңба басқандай жазылған. Архив деректерінен өзіме мәлім мен бір ғана жәйтты айтып отырмын. Мұндай мысалдар қаншама.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары сериясымен жарық көрген көптомдық жинақты топтастыруға сіздің де сіңірген еңбегіңіз бар.    Астана қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде осы көптомдық туралы не айтар едіңіз?

Халық жадын тарихи шындық негізінде қалыптастыру мақсатында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиямен қатар, өңірлік комиссиялар, оның ішінде Астана қаласының қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы да 2021-2023 жылдары кеңестік режимдегі қуғын-сүргіннің ауқымын анықтау, құрбандардың толық тізімін жасау, азаматтардың жазықсыз атылған, жерленген орнын анықтау, арнайы архивтердегі құпия құжаттарды құпиясыздандыру бойынша жұмыс жасады. Жобалық кеңсе басшылығымен жұмыс топтары құрылып, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, зерттеу, зерделеу жұмыстары 9 бағыт бойынша жүргізілді.

Астана қаласының архив қорларында сақталған ХХ ғ. 20-40-жылдарындағы саяси науқандар мен жаппай қуғын-сүргінге қатысты бұйрықтар мен нұсқаулықтар, қаулы-қарарлар мен шешімдер, қуғынға ұшыраған жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары мен талаптары, ресми баяндау жазбалары, статистикалық мәліметтер және сайлау құқығынан айырылған адамдардың тізімдері Ақмола өңірінің қоғамдық-саяси өмірі мен дәстүрлі шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер, халық өкілдерінің азаттық жолындағы күресі мен қызметі, әскери-саяси жағдай, ашаршылықтың салдары, тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылған адамдардың жанайқайы мен шетел асуға мәжбүр болған босқындардың таралу аймағын көрсетеді, сол заманның тынысын сездіреді.

Сталиндік диктатураның құрбаны болған, қуғын-сүргін көргендердің қасіреті тек жекелеген адамдардың емес, дәуір қасіретінің бір бөлігі. Сол кезеңде не болғанын түйсіну, сол кезеңнің тарихын қалпына келтіру тек сол кезеңдегі адамдардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін толық зерттеу арқылы ғана қол жеткіземіз.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) сериясымен көптомдық жинақ әзірленді.  Комиссия материалдарының 23-ші томы «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (1920-1940 жж.)» құжаттар мен материалдар жинағы, 48-ші томы «Ақмола өңіріндегі саяси қуғын-сүргіннің құрбандары» жинағы, 70-ші томы «Халық жады. Астана қаласы. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің, оқиғалардың куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктері мен сұхбаттарының жинағы» Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Астана қаласы бойынша өңірлік комиссия мүшелерінің құрастыруымен әзірленді.

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі кеңестік жүйенің көлеңкелі құжаттарын ашуға мүмкіндік жасады, белгісіз деректер айналымға қосылды, «құпия» құжаттарды зерделеу мәселені әр қырынан түсінуге, тарих ғылымы үшін белгісіз деректерді нақтылауға жол ашты.

Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button