Әкесі үшін кек алған

Қаматай Темірбекұлы Тоқабаев 1924 жылы 5 тамыз күні Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылында дүниеге келген. Бейбіт жатқан елге тұтқиылдан басып кіріп, фашистер соғыс бастағанда оқушы бала болатын.
Әкесі Темірбек алғашқылардың қатарында соғысқа кетеді. Үйдегі бас көтерер өзі болғандықтан әрі анасына ауыртпалық түскендіктен оның бейнетін бөліскісі келеді. Өгіз арбаның күшімен ғана атқарылатын шөп шабу, оны тасу, мал азығын дайындау, егіс алқаптарындағы жұмыстардың бәріне араласып, ерте есейеді. 15 жасынан теміржол бойында жөндеуші болып жұмыс істейді. Күндіз-түні бір толастамайтын ағылып жатқан пойыздардың кідіріссіз жүруіне атсалысады. Қолын суық темір қарып, аяғы тас болып қатып жүрсе де, майдандағы жауынгерлердің жеңіспен оралуына үлес қосып жүрмін ғой деген бір сезім жанын жылытып тұратын.
1942 жылдың ақпан айында әкесінен хат келеді. Онда «38-атқыштар дивизиясының 115-батальон жауынгерлерімен бірге неміс фашистерін Мәскеуге жеткізбей қуып тастадық» депті. Бұл жасөспірім Қаматайдың жігерін жанып, тезірек 18-ге толып, майданға аттансам ғой деген арманын ұштай түсті. Бірақ сол жылдың қыркүйек айында келген қаралы хабар Қаматайды есеңгіретіп жіберді. Әкесі Смоленск облысына қарасты Калуга қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тауыпты. Майданға барсам әкеммен қауышармын деп жүрген жігіттің үміті үзілді. Бірақ жауға деген кеудесін кернеген кек пен өшпенділік, әкесінің кегін қайтарсам деген ой күн сайын өрши түсті. Ақыры сол күн де келіп жетті. Ақмолада жасақталған 310-атқыштар дивизиясымен 1942 жылы қазан айының ортасында майданға кіреді. Олар бірден Ленинград қаласына келеді. Ондағы блокаданы көзімен көріп, халқының азапты күндер мен қасіретті түндеріне куә болады. «Өмір жолы» деп аталған Ладога көліндегі жалғыз аяқ жолмен азапты кешіп, азық-түлік тасыған кезін ешқашан ұмытпақ емес. Ленинград блокадасын бұзып жарып, қаланы азат еткен соң Сталинград майданына жіберілді. Сталинград үшін шайқас сұрапыл болды. Сталинград қаласы стратегиялық нысан болғандықтан, фашистер оны басып алуға тырысып, одан әскерін де, техникасын да аямады. Күш жағынан тең болмаса да, біздің әскер асқан ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсете білді. Жаудың азық-түлік, қару-жарақ келетін жолдарын жауып, олардың одақтастармен байланысын үзіп тастады. Осы уақытта армия генералы Шумилов фельдмаршал Паулюстің дивизиясын талқандап, өзін қолға түсіреді. Сталинград шайқасының жеңісі Екінші дүниежүзілік соғыстың аса маңызды бағыттарын айқындап берген тарихи шайқасқа бағаланды.
Сталинград шайқасынан кейін Қаматай Кавказ операциясында, Курск-Орел, Украина майдандарында болып, Польша, Чехословакия жерін азат етуге қатысады. 1945 жылы атақты шайқас – Берлинді алу операциясы болады. Жанталасқан неміс армиясы соңғы күшін жинап, Берлинді қорғап бақты. «Барлық елдің ашу кегі орна менің кеудеме кеп, жау жолына атам сені, бомба бол да, жарыл жүрек» деген Баубек Бұлқышевтің отты жыры әр жауынгердің жүрегінен орын алғаны сонша, біздің әскер рухтанып, ерекше қайсарлықпен фашизмнің ортасын тас-талқан етті. Әттең, Ұлы Жеңіске санаулы күндер қалғанда ерлікпен қаза тапқандардың өлімі өте өкінішті болды деп күңіренді соғысқа қатысқан әрбір солдат. Әрине, соғыс құрбандықсыз болмайды. Ел-жерін қорғап мерт болған ерлер есімі мәңгілік ел есінде.
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» дегендей, 1418 күнге созылған соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталды. Қаматай Тоқабай 1947 жылы елге оралып, еңбекке араласты. Қайтадан өзі қалаған теміржол саласына барды. Қатардағы диспетчерден станция бастығына дейінгі сатыдан өтті. 53 жыл өмірін теміржол саласына арнаған Қамекең зейнетке шыққаннан кейін де Астана қаласындағы жол торабы станциясы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Мұнда мыңдаған соғыс және еңбек ардагері тіркелген. Олардың тұрмыс жағдайының жақсаруына белсене кірісіп, көмек жасады. Ол жүрген ортасында сыйлы, сөзі өтетін беделді азамат болды. КСРО-ның және Қазақстан темір жолы саласының «Құрметті теміржолшысы» атағын иеленді. Ұлы отан соғысында ерлік көрсеткені үшін І, ІІ дәрежелі отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», Польшаны, Чехословакияны азат еткені үшін медальдарымен марапатталды. Майданда азат еткен қалалары үшін Бас қолбасшы И.Сталиннің бұйрығымен 25 рет алғыс алған. 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысты. 2005 жылы Жеңіске 60 жыл толғанда, Мәскеу мен Минсктегі парадқа шақырылды. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай Қаматай Тоқабай Чехия елшілігінің арнайы шақыруымен Прага қаласында болып қайтты. Айта берсек, ондай маңызды кездесулер өте көп болды. Бұл 18 жасынан Отан үшін деп қолына қару алып, ерліктің небір үлгісін көрсеткен, адал жауынгер болған Қаматай Тоқабайдың өлшеусіз еңбегіне көрсетілген құрмет еді. Өмірі ұрпаққа үлгі, еліне мақтаныш болған, соғыс және еңбек ардагері Қаматай Тоқабайдай ардақты ақсақалды Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында еске алып, өмір жолынан естелік айтуды парыз санадық. Жасы 90-ға таяп қайтыс болған батыр атамыз қанды қырғыннан аман қалып, елге қызмет етудің өнегесін көрсетіп, ұрпағының қызығын көрді. Еліміздің егемендігін көріп, көңілі марқайды.
Қарлығаш БӘКЕНҚЫЗЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, қалалық Ардагерлер кеңесінің медиатоп мүшесі