
«Жас алашта» бірге жұмыс істедік. Бұлар біз бесінші курсқа көшкен жылы оқуға түсті. Журфакта жүріп ұсақ кәсіпкерліктің негізін салған алақұйын ініміз Құлтас Достанмен бірге атақты бесінші жатақханада тұрды. Қабілетті жігіт. Қай жанрға да бейім. Өндірдей кезінде өлең жазды. Қатая келе қарасөзге ден қойды. Публицистикасы о бастан мығым. Қазір белгілі қаламгер. Оқырманға бірнеше роман ұсынды. Тарихи тақырыпты тереңнен тербеп, тұрлаулы трилогияның тізгінін қақты. Індетіп ізденеді. Ерінбей еңбектенеді. Тынбай толғайды. Соның арқасында бір кітабынан соң бір кітабы үзбей жарық көріп жатады. Лайым үзілмесін!
Айтпағымыз бұл емес. Осы Әділбектің «Ақкекіл» деген әдемі әңгімесі бар еді. Қырық жылдай бұрын жазылған секілді. Көкпарға шабатын аттың тағдыры туралы ғой деймін. Ақкекіл – соның атауы. Кекілінде қасқасы болса керек. Өзінің меншікті жануары. Бұл жігіттің өзі де жылқықұмар. Небір сәйгүліктің құлағында ойнап өскеніне дау жоқ. Жалпы, ол этнографиялық үрдістерге өте жетік-тін. Тілдік қоры мол. Көп қолданыла бермейтін сөздерді жазған дүниелерінің қыр арқасына қондыра қояды. «Жылқы ішінде ала жүр, Шал ішінде бала жүр. Шал ішінде жүрсең де, Бізді есіңе ала жүр», – деп Дихан досымызға айтқанымыздай, әсершіл Әділбек те Қызылағаштың көнекөз қарттарының арасында жата-жастана әңгіме тыңдаған балаға ұқсайды. Шандоз шалдар ботатірсек баланың сергек санасына қазақы құндылықтарды талай жылға жететіндей етіп құйып берген сыңайлы. Өйткені жазған-сызғанының ар жағынан құнары көрініп тұратын.
Жалпы, осы «Ақкекіл» деген ұғым Әділбек өмірінің мәні мен сәніндей, бәсі мен бағындай, белгісі мен бойтұмарындай сезілетін. Ақкекіл түсінігін ту етіп жүріп, маңдай шашында бір шөкім ағы бар бәденді бойжеткенге үйленді. Шашының шеті ағарған сол Зере қыз жан жарының шашына ақ түсірмей, жазуына жағдай жасап, үкідей үкілеп, баладай баптап келеді. Әділбектің баяғыда әзілдеп шығарған «Таптым сенен бақытымды, бәйбішем! Таптым сенен жақұтымды, бәйбішем. Жанымда өзің отырғанда жадырап, Шаттанғаннан шарап та ішем, шай да ішем!», – деген бір шумақ өлеңі болушы еді. Демек, ақкекіл келіншектің арқасында біздің баланың үйдегі күтімі жаман емес.
Сол жылдарда Әділбек Алпысбай ол кездегі жас талант, бүгінгі белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлімен жиірек араласып тұратын. Құйын мінез ақ Қалдаш редакцияға келген сайын жастар басылымының әдебиет және өнер бөліміне бір соғып кететін. Сол Қалдыбектің де бір шекесінде ақ шашы болатын. Ал ол бөлімде Әділбектің бастығы, танымал жазушы Жұмабай Шаштайұлы отырар еді. Бір ғажабы, Жұмағаңның да маңдайында аппақ кекілі бар-ды. Соны көріп, «Не боп кетті өзі?», – деп күлетінбіз. Осыған орай бір күні Әділбектің атынан «Ақкекіл» деген эпиграмма жаздық:
Табиғат шебер болғасын,
Қай нәрсеге де жетік-ақ.
Жанымда жүрген жолдасым,
Қалдыбектің де кекілі ақ.
Айтайын бәрін созбай-ақ,
Тағдырым менің шиырлы,
Ақкекіл әйел аздай-ақ,
Ақкекіл бастық бұйырды!
Сол Ақкекілді өмірінің де, көңілінің де берекелі брендіне айналдырған қарымды қаламгер Әділбек Ыбырайымұлының ілгерідегі бейнесін тауып алдық. Сірә, ол «Ақкекілді» жазатын жылдарда Шүкір Шахай түсіріп алған сияқты. Жақсылық тілейміз, Алпысбайдың ұрпағы! Маңайыңдағы ақкөңіл Ақкекілдерің аман жүрсін!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ



