Астанада 100-ге жуық коммуналдық қызметкер Әнұранды бірге орындады
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанадағы «Бәйтерек» монументі алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындау рәсімі өтті. Патриоттық іс-шараға «Астана Тазалық» қалалық мекемесінің 100-ге жуық қызметкері қатысып, Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінде кәсіпорында 1500-ден астам адам еңбек етеді. Мекеменің негізгі міндеті – елорданың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп, қаланың көркеюіне әрі тұрғындарға жайлы болуына үлес қосу.
«Біздің мекемеде 1500-ден астам адам қызмет етеді. Олардың бір бөлігі бүгінгі іс-шараға қатысты. Бұл біз үшін патриоттық рухты нығайтуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ел бірлігін дәріптеуге өз үлесімізді қосу мүмкіндігі», – деп атап өтті «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелді.
Іс-шараның мақсаты – патриоттық рухты нығайту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және қоғамда азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
«Таза сана – таза қала» қағидатын басшылыққа алған кәсіпорын қызметкерлері қала тазалығын сақтаумен қатар, елге деген құрмет пен бірлік құндылықтарын насихаттауға да ерекше мән береді.
«Біз үшін бүгінгі шараның маңызы зор. Мемлекеттік Гимнді бірге орындау – елімізге, мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтің белгісі. «Астана Тазалық» қызметкерлері күн сайын қаланың тазалығы үшін еңбек етеді. Осындай патриоттық іс-шараларға қатысу – біз үшін үлкен мақтаныш. Барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!», – деді «Астана Тазалық» ЖШС қолмен жинау бридагасының шебері, 6 жылдан аса еңбек ететін қызметкер Айгерім Шілімбетова.
Іс-шара соңында «Астана Тазалық» ұжымы барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.



