Әлеумет

Балалар жазғы демалысын қалай қауіпсіз өткізеді?

Жазғы каникул – балалардың денсаулығын нығайтып, жан-жақты дамуына қолайлы кезең. Дұрыс ұйымдастырылған демалыс баланың физикалық және эмоциялық жағдайына оң әсер етеді. Осыған байланысты жазғы демалысты қауіпсіз және тиімді өткізу үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау ерекше маңызға ие.

Барлық балаларды сауықтыру ұйымдары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес болуы тиіс.

Жазғы маусым басталғанға дейін әрбір лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы қажет. Бұл құжатсыз балаларды қабылдауға жол берілмейді.

Балалардың тұру жағдайларына ерекше назар аударылады. Аумақ қоршалған болуы, ауыз және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етілуі, сондай-ақ кәріз жүйесі, жарықтандыру және желдету жүйелері болуы тиіс. Барлық үй-жайлар таза ұсталып, күнделікті тазалау жұмыстары рұқсат етілген жуғыш және дезинфекциялық құралдарды қолдану арқылы жүргізіледі. Жиһаздар мен жабдықтар балалардың жас ерекшеліктеріне және қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Медициналық қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі. Сауықтыру ұйымдарындағы медициналық қызметкерлер балалардың денсаулық жағдайын бақылап, сауықтыру іс-шараларын ұйымдастырады, тамақтану мен су ішу режимін қадағалайды, сондай-ақ лагерь аумағы мен үй-жайлардың санитариялық жағдайын тексереді. Сонымен қатар олар белгіленген үлгідегі медициналық анықтамалары бар балаларды қабылдауды және қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуін бақылауды жүзеге асырады.

Балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру да маңызды рөл атқарады. Балалар лагерлерінде тамақтану күніне бес рет, теңгерімді және балалардың физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің сұранысы бойынша Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп маусымдық балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық үлгілік мәзірдің екі нұсқасын әзірледі.

Әзірленген мәзірлер жазғы демалыс кезеңінде балаларды сапалы, қауіпсіз және теңгерімді тамақпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәзір Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығымен бекітілген Тамақтану стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленіп, ұсынымдық сипатқа ие.

Тамақтану стандартының 65-тармағына сәйкес үлгілік мәзірді өзгеріссіз пайдалануға (бекітуге), сондай-ақ білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) және олардың заңды өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстарын, сондай-ақ өңірлік өнім ассортиментін ескере отырып, оған түзетулер енгізуге жол беріледі,  бұл ретте Тамақтану стандартында белгіленген талаптарды міндетті түрде сақтау қажет.

Үлгілік мәзірлермен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/documents/details/1012561?lang=ru

Балалардың қауіпсіздігі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына тікелей байланысты. Сондықтан балаларды сауықтыру ұйымдарында олардың денсаулығы мен әл-ауқатына қауіп төндірмейтін барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс.

Айгүл Шағалтаева,
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button