Ұлтты ұйыстырған ұлы көш

Тарихта ұлттың тағдырын өзгертіп, мемлекеттің болашағына ықпал еткен ұлы көштер аз болмаған. Әлем тарихына көз салсақ та, еврей халқының Израильге оралуы, Германияның қайта бірігуі немесе Түркияның қалыптасу кезеңіндегі көші-қон үдерістері ұлттық тұтастықты нығайтып, мемлекеттіліктің іргесін бекемдеген маңызды тарихи оқиғалар ретінде бағаланады. Қазақ халқының тарихында да ұлттың қайта ұйысуына негіз болған тағдырлы кезеңдер жетерлік. Соның ең маңыздысы – тәуелсіздікпен бірге басталған қандастар көші.
Биыл елге ел қосылып, шекара сыртында қалған қандастардың атажұртқа орала бастағанына 35 жыл толды. Егемендігін енді ғана алып, әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды бастан кешіп отырған кезеңде «Қазақтың өз мемлекеті құрылды, алыстағы ағайын енді атаныңды қомдап, ат басын атажұртқа бұр» деп күллі әлемге жар салғаны – қазақ тарихындағы, ұлттың өркендеуіндегі айтулы уақиға.
Екінші жағынан, бұл қадам ұлттық қауіпсіздік пен елдің демографиялық тұрақтылығы тұрғысынан да аса маңызды шешім болды. Тәуелсіздік алар тұста Қазақстандағы қазақ халқының үлесі небәрі 40 пайыз шамасында еді. Өз жерінде отырып саны аз ұлтқа айналу қаупі ұлттық болашаққа алаңдаушылық туғызатыны анық. Осындай тарихи жағдайда шетелдегі қандастарды атажұртқа шақыру – тек көші-қон саясаты ғана емес, мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық шешім еді.
Көш қалай басталды?
1991 жылы 11 қарашада Қазақ КСР Министрлер кабинетінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі және шарттары туралы» № 711 қаулысы шықты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Сол жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев радиода шетелдегі диаспора өкілдеріне арнап сөз сөйлеп, жоғарыдағы қаулыны айта келіп: «Атамекенге келем деушілерге есік ашық!» деп үндеу тастады.
1992 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында тұңғыш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Республикалық мәртебесі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды әрі Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын 5 жылда бір өткізу туралы шешім қабылданды. Шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында байланыс жасау мақсатында құрылған бұл қауымдастық шетелдегі қазақтардың атажұртқа жеткенде алдымен ат басын бұратын қара шаңырағына айналды. Өкініштісі, қазірге дейін 5 кезек құрылтай өткенімен, 2017 жылдан кейін қазақ құрылтайын өткізу мәселесі мүлде ескерусіз қалды. Құрылтай түгілі, төрағасы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да елдегі билік ауысқаннан кейін аты бар, заты жоқ ұйымға айналды.
Өткен 35 жыл ішінде тарихи Отанына 1,5 миллионға жуық қандас оралды. Ал олардың табиғи өсімі мен бүгінгі ұрпағын қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 3 миллионнан асты. Демек, тәуелсіздік жылдары 16 миллионға дейін құлдыраған халық санының 35 жыл ішінде 20 миллионға жетуіне, еліміздегі қазақ ұлтының үлесінің 70 пайыздан асып түсуіне Ұлы көштің қосқан үлесі орасан зор деуге толық негіз бар. Сонымен қатар, бұл үдеріс ел демографиясының нығаюына ғана емес, ұлттық болмыстың сақталуына, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және елдің әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі ықпал етті. Қазіргі таңда атажұртқа оралған ағайын елдің барлық өңірінде еңбек етіп, ғылым, білім, кәсіпкерлік, мәдениет пен спорт салаларында ел дамуына серпін беріп келеді.
Әрине, өткен 35 жылда көші-қон заңы қырық құбылғанымен, мемлекеттен қолдау үзілген жоқ, келем деген ағайынға ел құшағы ашық болғанын аса ризашылықпен айта кеткен жөн. Бірақ қазақ елі «келіңдер» шақырып, 30 жыл бойы қандастарға шекараны ашып қойғанда әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қазақ түп қотарыла көшіп атажұртқа оралмағаны, «өзге елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөзді бойтұмар етіп ұстанбағаны қынжылтады. Қазір бейресми дерек бойынша әлемнің 40-тан аса елінде әлі де 7 миллиондай (кейде тіпті 10 миллион деп те айтылып жүр) қазақ өмір сүріп жатыр. Бұл дегеніңіз – Қырғызстан халқының санымен бірдей көрсеткіш. Егер осы қазақ 30 жыл уақыт ішінде жаппай атажұртқа қоныс аударса, Қазақстанның халық саны әлдеқашан 30 миллионға жуықтап, елдегі қазақ ұлтының салыстырмасы 90 пайызға дейін көтерілер еді. Бірақ ұлттық сананың төмендігі, мемлекетшілдік идеяның әлсіздігінен көп қандасымыз әлі де туған жері мен жан баққан жерін қия алмай жүр.
Президенттің пәрмені
Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де қандастарымызды ұрпақтың қамы, ана тілінің жағдайы алаңдатып, «Балам ана тілін ұмытып, басқа ұлтқа сіңіп кетпей ме?» деген ортақ мәселемен бетпе-бет келетіні анық. Өйткені бір елде қазақ мектебі мемлекеттік деңгейде жұмыс істесе, енді бір елде қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан шетелдегі қазақ мектептерінің бүгінгі ахуалы, қандастардың қандай қиындықтарға жолығып жатқаны және қандай қолдауға зәру екені – еліміз үшін әлі де зерттеуді, талдауды қажет ететін өзекті тақырып.
Қазіргі таңда шетелдегі қазақ диаспорасының ең көп шоғыры Қытай, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия мемлекеттерінде өмір сүріп жатыр. Нақтылап айтсақ, Қытайда 1,5 миллион, Ресейде 1 миллион, Өзбекстанда 1 миллионға жуық, ал Моңғолияда 200 мыңнан астам қазақ тұрады. Алайда осы елдердегі қазақ тіліндегі білім беру ісінің бүгінгі ахуалы алаңдатарлық деңгейге жетті. Түтін саны аз мемлекеттерде қазақ мектебінің болмауын түсінуге болар, бірақ кезінде қазақы ортасы қалыптасқан Ресей мен Қытайдағы қазақ мектептерінің жаппай жабылуы – ұлт болашағына төнген үлкен қауіптің бірі. Соның салдарынан шетелдегі қандас жастар ана тілінен, ұлттық құндылықтар мен тарихи жадынан алыстап барады. Яғни Өзбекстан мен Моңғолиядан басқа елдерде қазақ мектебі жабылып, ана тілінде білім алуына мүмкіндік берілмеуі қазақ көшінің тек демографиялық емес, рухани және мәдени маңызының да аса зор екенін көрсетеді. Ащырақ айтсақ, біз қазір шетелдегі 6-7 миллион қандасымыздан тірідей айырылу қаупіне дөп келдік. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!», «Қазақстан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны» деген сөздері ерекше мәнге ие. Бұл – тек саяси ұстаным емес, ұлттың болашағын, рухани тұтастығын және тарихи сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды стратегиялық көзқарас.
Бізді қынжылтатыны – Мемлекет басшысы осындай нақты міндет қойып отырғанына қарамастан, шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына кедергі келтіретін бюрократиялық тосқауылдардың әлі де толық жойылмай отырғаны. Әсіресе, өткен жылдың соңында қабылданып, биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған үш министрліктің бірлескен пилоттық жобасы, «өкінішке қарай, қандастардың Қазақстанға келуіне мемлекеттік органдар тарапынан кедергілер жасалуда» деп депутат Мұрат Әбенов айтқандай, елге келемін деген ағайынның жолын жеңілдетудің орнына, кеудесінен кері итеретін күшке айналды. Соның салдарынан атамекенге үлкен үмітпен келген көптеген қандастарымыз қандас мәртебесін алу, құжат рәсімдеу, азаматтық мәселелерін шешу барысында сан түрлі қиындыққа тап болып, азаматтық ала алмай жүр. Бұл – тұтас қазақ қоғамы назар аударатын мәселе.
Солтүстікке көш көбейсін десек…
Егер біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды тарихи Отанына шақырып қана қоймай, олардың елге орнығып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуын қаласақ, онда көші-қон рәсімдерін барынша жеңілдетіп, артық әкімшілік кедергілерді жоюымыз қажет. Өйткені әрбір оралған қандас – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, ұлттық әлеуетті арттыратын, демографиялық өсімге үлес қосатын және қазақы болмысты нығайтатын құндылық.
Әрине, қандастар көшін халық саны азайып, мектептері жабылып жатқан солтүстік өңірлерге бағыттау – өте дұрыс әрі мемлекет мүддесіне сай шешім. Мұндай қадам елдің демографиялық тепе-теңдігін сақтауға, еңбек ресурстарының тапшылығын азайтуға және шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни сырттағы қандастарды осы аймақтарға орналастыру арқылы мемлекет бір мезетте бірнеше мәселені шешуге ұмтылып отыр.
Бұл мақсаттарды қандастар да жақсы түсінеді. Көптеген ағайын тарихи Отанының мүддесі үшін елдің кез келген өңіріне қоныстануға дайын екенін талай рет дәлелдеді. Тәуелсіздік жылдарында мыңдаған отбасы жан саны азайған аймақтарға барып, жаңа ортаға бейімделіп, сол жердің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Сондықтан мәселе қандастардың ниетінде емес, сол ниетті жүзеге асыруға жасалатын жағдайдың сапасында болып отыр. Міне, осы тұрғыдан алғанда, солтүстікке көш әкімшілік шектеулер мен мәжбүрлеу тетіктеріне емес, ынталандыру мен қолайлы жағдай жасау қағидатына негізделуі тиіс. Өйткені адам өз тағдырын, отбасының болашағын және тұрмыс жағдайын ескере отырып шешім қабылдайды. Сондықтан солтүстік өңірлерге қоныстанатын қандастарға тұрғын үй, жұмыс, кәсіп ашу, балаларын оқыту және әлеуметтік бейімделу мәселелерінде нақты әрі тиімді қолдау көрсетілген жағдайда ғана бұл саясат өз нәтижесін береді. Сонымен қатар құжат рәсімдеу мен азаматтық алу үдерістерін жеңілдетіп, олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне көмектесетін арнайы бағдарламалар қажет.
Ең бастысы, қандастарды белгілі бір өңірге күштеп емес, сол жердің мүмкіндіктерін арттыру арқылы тарту керек. Сонда ғана көші-қон саясаты өзінің стратегиялық мақсатына жетіп, солтүстік өңірлердің демографиялық және экономикалық дамуына нақты серпін береді. Ал тарихи Отанына оралған әрбір қазақ өзін мемлекеттік саясаттың объектісі емес, елдің болашағын бірге қалыптастыратын толыққанды азамат ретінде, нақтырақ айтсақ, өзін артық жүк емес, елдің дамуына үлес қосатын толыққанды азамат ретінде сезінуі қажет.
Мәжбүрлеп қоныстандырып, бес жыл бойы түрлі талаптар мен шектеулер арқылы ұстап тұрғанмен, Үкімет белгілеген мерзім аяқталған күні адамдар қайтадан басқа өңірлерге көшіп кетсе, онда мұндай саясаттың нәтижесі мен тиімділігі туралы заңды сұрақ туындайды. Өйткені көші-қон саясатының басты мақсаты адамдарды белгілі бір аумаққа уақытша орналастыру емес, сол өңірлердің тұрақты демографиялық, әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету болуы тиіс. Егер қандастар бес жылды «өткізуге тиіс мерзім» ретінде қабылдап, уақыт біткен соң жаппай қоныс аударуға мәжбүр болса, онда мәселе олардың ниетінде емес, мемлекет ұсынып отырған жағдайдың тартымдылығында жатыр деген сөз. Адамды қағаз жүзіндегі талаптармен ұстап тұруға болады, бірақ оны туған жеріндей көріп, тамыр жайып, болашағын сол өңірмен байланыстыруға ешқандай бұйрық мәжбүрлей алмайды. Яғни мәселенің түйіні шектеуде емес, жағдай жасауда. Егер жұмыс болса, баспана болса, балалары сапалы білім алып, отбасы өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінсе, ешкім де көшіп кетуге ұмтылмайды. Керісінше, мұндай орта жаңа көштің де негізгі тарту күшіне айналады.
Демек, қандастарды белгілі бір өңірде ұстап қалудың ең тиімді жолы – әкімшілік тетіктерді күшейту емес, сол өңірдің өмір сүруге қолайлы әрі болашағы бар аймаққа айналуына жағдай жасауда жатыр. 35 жыл жалғасқан көш тоқтамасын десек, осы түйін де ескерілуі керек.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



